Сэм Альтманның OpenAI-дан кетуі, S&P 500 индексіндегі ралли және 2024 жылға арналған болжам

Жарияланды
БАҚ-қа шолу / REUTERS/Carlos Barria

Уолл-стриттің ESG қорларына деген қызығушылығы төмендеп, S&P 500-дегі үш апталық ралли кідіруі мүмкін. Дегенмен, «Үлкен жетілік» акциялары 2024 жылы өсімін жалғастыруы ықтимал. Өткен демалыс күндері әлемдік БАҚ осы және өзге де тақырыптарды жазды.


Өткен жұмада OpenAI бас директоры Сэм Альтманның директорлар кеңесі шешімімен кенеттен жұмыстан босатылғаны белгілі болды. Information басылымы бұл шешім компания акцияларын Thrive Capital инвестициялық қорына сату туралы келісімге кері әсер етуі мүмкін деп жазады.

Келісімнің сомасы нақтыланбаған, акциялар алдын ала 86 млрд долларға бағаланған.

Компаниядан Альман мен OpenAI президенті және тең құрылтайшысы Грег Брокманның кетуі АҚШ қор нарығы үшін үлкен алаңдатарлық жаңалық болды. Өйткені компанияның бұндай қадамға неліктен барғаны түсініксіз. Басқарма мәлімдемесінде Альтманның «мұқият тексеруден» кейін жұмыстан босатылғаны және «басқармамен қарым-қатынасы оның міндеттерін орындауына кедергі келтіретіні» туралы айтылған.

Альтманның алдын ала ескертусіз жұмыстан шығарылғаны белгілі. Алайда The Verge хабарлауынша, OpenAI кеңесі қазірдің өзінде Сэм Альтманмен оның бас директор лауазымына оралуын талқылап жатыр. Ол компания басқармасы отставкаға кетсе ғана қайта ораламын деп шарт қойған. Басылымның мәліметінше, Альтман мен Брокман инвесторлармен басқа компания құру туралы келіссөздер жүргізіп үлгерген.

Сонымен қатар, OpenAI-дің қазіргі инвесторлары – Microsoft, Tiger Global және сол Thrive Capital Альтманды қайтаруды талап етті.

Уолл-стритте ESG-ге деген қызығушылық азайып барады

2023 жылдың басынан бері америкалық инвесторлар ESG қорларынан 14 миллиард доллардан астам қаражатын шығарып алды. Осылайша, бірнеше жыл бұрын басталған ажиотаж басылып келеді. Өйткені бұл қорлардың кірістілігі көпшілік күткендей болмады.

Реттеуші қадағалауды күшейткен соң, жоғары пайыздық мөлшерлеме жасыл энергия қорларына әсер еткен.

Жалпы алғанда, кем дегенде бес инвестициялық қор да биыл өздерінің ESG стратегияларынан бас тартатынын және тағы 32 ESG қоры жабылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Morningstar мен The Wall Street Journal. Бұл секторда әлі 299 миллиард доллар қалды. Айтпақшы, дәстүрлі қорлар да 2023 жылы айтарлықтай көп ақша жоғалтты.

S&P 500 раллиіне қауіп төнуі мүмкін

Соңғы үш аптада S&P 500 индексінің 9,6%-ға көтерілуі кейбір сарапшылар үшін тұрақсыз секілді көрінеді. Қазан айының ортасында сауалнама жүргізген стратегтер S&P 500 2023 жылды 4,370 деңгейінде аяқтайды деп болжаған, бірақ өткен жұма күні индекс 4,514,02-ге жетті.

Морган Стэнлидің бұрынғы стратегі Рик Бенсинор егер индикатор осы аптада 4,560-қа дейін көтерілсе, трендтің өзгеруі әбден мүмкін деп тұжырымдайды.

Дегенмен, кейбір стратегтер оптимизмді байқап отыр. Goldman Sachs Group Inc. өкілі Дэвид Костин инвесторлар корпоративтік табыстың болашағына тым алаңдаулы екенін айтады.

Жоғары мөлшерлеме АҚШ облигациялар нарығына қысым жасайды

Вloomberg АҚШ-тың корпоративтік облигациялар нарығындағы жағдайға егжей-тегжей шолу жариялады. Агенттік ағымдағы жоғары мөлшерлеме төмен мөлшерлеме жылдарда орналастырылған облигацияларды құнсыздануына қалай алып келетінін нақты мысалмен көрсеткен.

Американың шағын компанияларының бағалы қағаздары қиын жағдайда тұр. Сарапшылар егер банктер АҚШ облигацияларын өз балансынан шығара бастаса, олардың құны күрт төмендей бастайтынын айтып отыр.

Үлкен жетілік акциялары 2024 жылы қымбаттай ма?

Америкалық «Үлкен жетілік» 2023 жылы керемет нәтижеге қол жеткізді. Бірақ ралиидің 2024 жылы жалғасуына қандай мүмкіндік бар? MarketWatch жазуынша, бұл компанияларың акциясы 2022 жылы 39%-ға төмендегеннен кейін, 2023 жылдың басынан бері 71%-ға өсті. Nvidia, Apple, Microsoft, Alphabet, Tesla, Amazon және Meta жетекшілік ететін S&P 500 2023 жыл 17% көтерілді.

Goldman Sachs Group аталмыш компаниялар бағасы одан да жоғары көтерілуі мүмкін деп болжайды. Бұл топ индекстің 30 пайызын құрайды.

Сондай-ақ оқыңыз