Жемқорлығы үшін сотталған әкім бостандықта, одан тәркіленген мейрамхана 805 млн теңгеге аукционға шығарылды
Қостанай қаласының бұрынғы әкімі Ахметбек Ахметжановтан тәркіленген «Алтын-Саф» мейрамхана кешені 805 млн теңгеге аукционға шығарылып өтпей қалды. Бұл жайлы gosreestr.kz сайтында жарияланған.
Онда сату мәртебесінде аукционның өтпегені жазылған. Аукцион басталған кезде сату объектісі бойынша аукционға бірде-бір қатысушы тіркелмеген және бастапқы баға қатысушылармен расталмаған.
Аукцион талаптарына сәйкес егер аукцион басталған сәттен бастап жиырма минут ішінде қатысушылардың ешқайсысы бастапқы баға бойынша жекешелендіру объектісін сатып алуға ниет білдіргенін растамаса, онда осы жекешелендіру нысаны бойынша аукцион өтпеген болып есептеледі. Ал егер бастапқы баға расталғаннан кейін, жиырма минут ішінде қатысушылардың бірде-біреуі бастапқы бағаны арттыру жолымен жекешелендіру нысанын сатып алуға ниет білдіргенін растамаса, онда бастапқы бағаны растаған қатысушы жеңімпаз деп танылып, жекешелендіру нысаны бойынша аукцион өткізілді деп саналады. Яғни бір ғана қатысушы қатысқан аукцион, ресми өткен болып есептеледі;
«Қостанай облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы» мемлекеттік мекемесінің балансында тұрған бұл кешенді әкімдіктің қаржы басқармасы сатуға шығарған. Нақты бағасы – 805 529 000 теңгені құрайды.
Бұрынғы әкім не үшін істі болды. 2016 жылы Ахметбек Ахметжанов ірі көлемде пара алғаны үшін 13 жылға сотталған. Ол сот шешімімен өмір бойы мемлекеттік қызметте істеу құқығынан айырылды.
Ахметжанов кейін апелляциялық шағым түсіріп, мерзімін 7 жыл 6 айға дейін қысқартты. Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты Ахметжановқа рақымшылық жасалып, оның жазасының мерзімі 4 жыл 10 ай 23 күнге дейін азайтылды.
2019 жылы ол шартты түрде мерзімінен бұрын босату және жазаның өтелмеген бөлігін айыппұлмен ауыстыру құқығына ие болып, сол жылдың 1 сәуірінде Қостанай облыстық сотының шешімімен шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған.