Энергетика министрлігі «Құмкөл» және «Шығыс Құмкөл» мұнай-газ кен орындарын тиімділігі төмен деп тапты
«Торғай Петролеум» АҚ-ның Қарағанды облысындағы «Құмкөл» және «Шығыс Құмкөл» мұнай-газ кен орындарының рентабельділігі төмен, тұтқырлығы жоғары, дебиті аз. Сондықтан оларды игерілген санатқа жатқызылатын көмірсутек кен орындарының тізбесіне қосу қажет.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің «Кен орындарының тізбесін бекіту туралы» ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 27 маусымдағы №449 қаулысына өзгеріс енгізу туралы» Үкіметтің қаулы жобасын түсіндіруге арналған жазбасының мазмұны осындай.
Бұл компания Қазақстан-Ресей үкіметтерінің 1993 жылы 2 желтоқсанда Алматы қаласында отын-энергетикалық кешенді бірлесіп дамытуға уағдаласуы негізінде пайда болды. Осы бағыт бойынша 1995 жылы Қазақстанның Мұнай және газ өнеркәсібі министрлігі «Лукойл» мұнай компаниясымен келісімге келді. Бұл ресейлік мұнай алыбының Қазақстан аумағында көмірсутек ресурсын өндіруге, пайдалануға және өңдеуге жасаған алғашқы қадамы болатын.
«Торғай Петролеум» АҚ 1995 жылы 22 тамызда «Құмкөл-ЛУКОЙЛ» деген атпен Қазақстан мен Ресейдің бірлескен кәсіпорны ретінде құрылды. «Южнефтегаз» кәсіпорны мен «Лукойл» ААҚ Құмкөл кен орнының солтүстік-батыс бөлігін алып жатқан аумақта мұнай өндіру бойынша тең үлесті құрылтайшы деп жарияланды.
«Құмкөл-Лукойл» АҚ жарғылық капиталы «Южнефтегаз» мемлекеттік акционерлік қоғамы мен «Лукойл» ААҚ-ның 50%-де 50% қаражатымен қалыптасты. Ал Құмкөл мұнай-газ кен орыны 1996 жылғы қаңтардан игеріле бастады.
2021 жылы жаңартылған дерек бойынша, қазіргі уақытта компанияның акционерлері: «Lukoil Overseas Kumkol B.V» – 50% және «PetroKazakhstan Inc» – 50 %.
1996 жылы жекешелендіру және шетелдік инвестицияларды тарту бағдарламасы бойынша қазақстандық құрылтайшы «Южнефтегаз» компаниясы тендерге қойылып, канадалық «Hurricane Hydrocarbons LTD» холдингіне сатылды.
2000 жылғы 27 маусымда акционерлердің жалпы жиналысында «Lukoil Overseas Kumkol B.V» ААҚ кәсіпорнының құрылтайшылары мен «Харрикейн Құмкөл Мұнай» ААҚ және «Құмкөл-Лукойл» АҚ атауын «Торғай-Петролеум» жабық акционерлік қоғамы деп өзгерту туралы шешім қабылданды.
2005 жылғы 17 мамырда ҚР заңнамасына сәйкес компания «Торғай-Петролеум» АҚ болып өзгерді.
«Құмкөл» мұнай-газ кен орындарының мұнайы 1380-1400 метр тереңдіктен бұрғыланды. 2009 жылы «Торғай-Петролеум» ЖАҚ 3 млн 180 мың тонна мұнай тапсырды. Сол кезде күніне 8 300 тонна мұнай өндірілді.
Барлау жұмыстарының нәтижесінде 160 млн тонна мұнай мен 19 млрд текше метр газ қоры бар 17 кен орны анықталды. Солардың ішінде ең ірісі – «Құмкөл» мұнай-газ кен орны болды.