«Өте сенімді инвестиция»: Зейнетақы қоры қаражатынан 1,5 трлн теңге энергетикалық жобаларға салынатыны рас па?
«ҚазТаг» агенттігі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражаттың 1,5 трлн теңгесі инфрақұрылым жобаларына салынуы мүмкін деген ақпарат таратты. Сайттың хабарлауынша, «Бәйтерек» холдингінің Энергетика министрлігіне жолдаған құжатында қаржы энергетика саласын жаңғыртуға жұмсалатыны жазылған.
Қаржы қандай жобаларға салынбақ?
Құжатта қаржы сәуір айындағы экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешіміне сәйкес бөлінетіні жазылған. Биыл жыл соңына дейін 500 миллиард теңге, 2024 жылы тағы 1 триллион теңге инвестициялануға тиіс. Қаражатты Қазақстанның Даму банкі (ҚДБ) мен Индустриялық даму қоры (ИДҚ) тікелей алмақ.
Сондай-ақ құжатта энергетика саласындағы жобаларды қаржыландыру негіздемесі келтірілген. Авторлардың айтуынша, қолданыстағы инфрақұрылымның, ең алдымен, генерациялау қуаты тозған, ал инвестициялық ахуал төмен көміртекті дамуға қарай көшіп жатыр. Осыған байланысты Қазақстан көмір мен оны пайдаланатын электр стансаларынан біртіндеп бас тартуы керек.
БЖЗҚ қаражатын Қазақстан аймақтарында газ, су, жел және күн электр станцияларын салу мен жаңғыртуға жұмсау жоспарланған. Құжатта жазылған жобалар қатарында газға көшірілетін Алматы ЖЭО-2 мен ЖЭО-3, Ақтөбе облысындағы жел электр станциясы, Қарағанды облысындағы Балқаш көліндегі күн электр станциясы, Ақмола облысындағы ЖЭО бар.
Энергетика министрі не дейді?
Мәжіліс кулуарында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев осы мәселеге қатысты пікір білдірген. Оның айтуынша, энергетика жобаларына қаржы салу – «өте сенімді инвестиция».
«Бүкіл әлемде энергетикаға қаржы салу өте сенімді инвестиция саналады. Әсіресе, ел ішінде, өйткені мемлекет бағаны реттеп отырады. Біз төлем тәртібін қатаң сақтаймыз, төлем қабілеті жоғары сұраныс бар. Оған қоса жылдан-жылға энергия тапшылығы сезіліп келеді, сондықтан энергия өндіретін нысандардың бәрі қамтылады. Тікелей шетелдік инвестиция тартылатын, жаңартылатын энергия көздерін дамыту жөніндегі ауқымды бағдарлама бар. Яғни, энергетика саласы өсіп-дамиды, бұл сала инвестиция үшін тартымды бола түседі»,– деп түсіндірді Сәтқалиев.
Министрдің айтуынша, энергетика саласын дамыту – үкіметтің басты міндетінің бірі. Сәтқалиев егер зейнетақы қоры (БЖЗҚ) активтерін энергетика саласындағы жобаларға инвестициялаған жөн деп шешсе, қаржы сенімді және қамтамасыз етілген жобаларға салынатынына сенімді.
«Егер қарызды «Самұрық-Қазына» қорының құрамына кіретін компаниялар алса, үкімет акционер ретінде қарыздың тиімді жұмсалып, уақтылы қайтарылуын қадағалай алады. Яғни, бұл ақша нарықтық бағада кіріс әкелуімен қатар, пайдалы болады. Инфрақұрылыммен қатар, экономиканы, энергетика саласын дамытуға мүмкіндік беріп, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, өнеркәсіпті дамытуға алғышарт туындайды. Оған қоса БЖЗҚ жақсы инвестициялық кіріс алады», – деді Энергетика министрі.
Сәтқалиевтің айтуынша, энергетика саласы қазір 5 трлн теңге инвестицияға мұқтаж. Министр құжатта 1,5 трлн теңге туралы айтылса, онда қаржы шұғыл жүзеге асырылуға тиіс жобаларға салынуы мүмкін деп тұжырымдайды.
«Мен де бұл ақпаратты бүгін естіп отырмын. Сұрап, нақтылап айтамын. Жалпы, инвестициялық табысы жоғары болатындықтан, бұндай қадамды қолдаймын»,– деді ол.
БЖЗҚ қорында қанша қаржы бар?
Қазіргі кезде БЖЗҚ-да 17 228,7 млрд теңге жинақталған. Бұл ретте Ұлттық Банктің сенімгерлік басқаруындағы актив көлемі 17 216,9 млрд теңгені құраса, ал ИПБ басқаруына 11,8 млрд теңге берілген.
ҰБ зейнетақы активтерін негізінен:
- Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарына (48,11 пайыз),
- Квазимемлекеттік компаниялардың облигацияларына (10,25 пайыз),
- Екінші деңгейдегі банктерінің облигацияларына (5,19 пайыз),
- Шет мемлекеттердің мемлекеттік бағалы қағаздарына (4,51 пайыз),
- Халықаралық қаржы ұйымдарының бағалы қағаздарына (2,20 пайыз),
- ҰБ депозиттеріне (2,64 пайыз) және ҚР эмитенттерінің акциялары мен депозитарлық қолхаттарына (1,62 пайыз) инвестициялайды.
2022 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық Банктің басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтерінің табыстылығы 6,55 пайыз, есептелген инвестициялық кірістің мөлшері 914,1 млрд теңгені құраған.
Ұлттық банк басшісі Тимур Сүлейменов БЖЗҚ активтерін банктердің облигацияларына салуға ниетті екендерін мәлімдеді.