Армения СІМ және Қорғаныс министрлігі басшылары сәрсенбі күні Минскіде өтетін ҰҚШҰ отырысына қатыспайды
Армения Сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян және Қорғаныс министрі Сурен Папикян 22 қарашада Минскіде ҰҚШҰ аясында өтетін отырысқа қатыспайды.
Бұл туралы Мирзоян беларусь әріптесі Сергей Алейникке Беларусь тарапы бастамасымен сейсенбі күні болған телефон арқылы әңгімеде айтқан, деп хабарлады Интерфакс.
Армения СІМ хабарламасында әңгіме барысында ҰҚШҰ жұмысына қатысты мәселелер қозғалғаны айтылған.
Кейінірек Армения Қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Арам Торосян «Азаттық» Армения радио қызметіне Папикиян ҰҚШҰ-ға қатысушы-елдердің қорғаныс министрлері кеңесінің отырысына қатыспайтынын мәлімдеді.
Сейсенбі күні ҰҚШҰ хатшылығы ұйымның Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің бұрын қабылданған шешімдеріне сәйкес Арменияға мониторинг миссиясын жіберу бойынша жұмысты жалғастыратынын хабарлады.
«ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің 2022 жылдың қарашасындағы сессиясының шешімдерін іске асыру және Беларусь Республикасының төрағалығы кезеңінде ұйым қызметінің басым бағыттарын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, осы уақытқа дейін Оңтүстік Кавказдағы жағдайды тұрақтандыруға қатысты екі құжат бойынша жұмыс жүргізілді. Әңгіме ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің «Армения Республикасына көмек көрсету жөніндегі бірлескен шаралар туралы» шешімінің жобасы мен ұйымға мүше-мемлекеттердің сыртқы істер министрлерінің осы аймақта бейбітшілікке қол жеткізудегі күш-жігерді қолдайтын мәлімдемелері туралы болып отыр. ҰҚШҰ жарғылық органдарының Минскідегі отырыстары қарсаңында Армения тарапы мәлімдеменің жобасын қараудан алып тастауды ұсынды», – деп жазылған ҰҚШҰ хатшылығының сейсенбі күні таратқан хабарламасында.
Сондай-ақ ҰҚШҰ хатшылығы ұйымның Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі Арменияға мониторинг миссиясын жіберу туралы жобаны шешу бойынша жұмысты жалғастыратынын хабарлады.
22 қарашада Минскіде ҰҚШҰ елдерінің қорғаныс, сыртқы істер министрлері кеңестері мен қауіпсіздік кеңестері хатшылары комитетінің отырыстары өтеді. 23 қарашада ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтеді деп жоспарланған.
ҰҚШҰ-ға Ресей, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан кіреді.
Алайда Армения ресми орындары және елдің үкімет басшысы Николь Пашинянның әлеуметтік желідегі парақшасында, Минскіде өтетін ҰҚШҰ жиынына өзінің қатысатыны немесе қатыспайтыны туралы ақпарат жариялаған жоқ.
Айта кету керек, Бұған дейін Беларусь Президенті Александр Лукашенкомен кездесу барысында ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов Армения Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының көмегінен бас тартқанын мәлімдеген еді.
Ереван ҰҚШҰ-дағы серіктестерінен ресми түрде Арменияға көмек көрсету туралы құжатты күн тәртібінен алып тастауды сұраған.
Ал, Қасым-Жомарт Тоқаев Минск қаласында өтетін ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясына қатысады. Сейсенбі күні Ақорданың баспасөз қызметі таратқан хабарламада Президент 23 қарашада Минск қаласында өтетін ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясына қатысатыны айтылған болатын.