Қазақстанның ҰҚШҰ құрамынан шығу туралы жоспары жоқ – СІМ
Соңғы кезде «Қазақстан ҰҚШҰ құрамынан шығуы керек» деген пікірлер көп айтыла бастады. Бұл мәселеге қатысты Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Омаров жауап берді.
Министрлік өкілі мұндай ұйымның сыртында қалғаннан гөрі, ішінде болған әлдеқайда дұрыс деп біледі.
«Қазақстанның бұл ұйымға кіруіне байланысты көптеген пікірлер айтылады. Бірақ осы уақытқа дейін бірде-бір мемлекет бұл ұйымдағы мүшелігін тоқтатуға ресми түрде өтініш білдірген жоқ. Сондықтан біз ҰҚШҰ құрамында ешқандай өзгеріс болады деп күтпейміз. Мұндай ұйымның сыртында болғаннан гөрі, ішінде болған жақсы. Қазақстанның мұндай жоспары мүлде жоқ. Бұл ұйымды құрудың бастауында өзіміз тұрмыз. Бұл біздің мүддеміз үшін жұмыс істейді деп сенеміз. ҰҚШҰ аясындағы барлық шешімдер консенсус принципі негізінде қабылданады. Ұйым әр елдің мүддесіне сай, біз осы орайда ҰҚШҰ-ға мүше елдер арасындағы ынтымақтастыққа қатысты кез келген мәселелерді талқылай аламыз», – дейді вице-министр.
22 қарашада Минскіде ҰҚШҰ құрамындағы елдердің қорғаныс, сыртқы істер министрлері кеңестері мен Қауіпсіздік кеңесі хатшылары комитетінің отырысы өтеді. Ал 23 қарашада ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтеді деп жоспарланған.
Еске сала кетсек, ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов 20 қараша күні Арменияның Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы көмегінен бас тартқанын мәлімдеді. Ереван ҰҚШҰ-дағы серіктестерінен ресми түрде Арменияға көмек көрсету туралы құжатты күн тәртібінен алып тастауды сұраған.
«Армения тарапы одақтастардың барлығының қолдауына қарамастан, бұл құжатқа ешқандай қызығушылық танытпады және біздің жұмысымыздың қорытынды бөлігінде бұл мәселені күн тәртібінен мүлдем алып тастауды сұрады», – деді ҰҚШҰ Бас хатшысы.
Бір апта бұрын Никол Пашинянның Минскіде өтетін ҰҚШҰ отырысына келуден де бас тартқаны белгілі болды. Сонымен бірге Армения Сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян және Қорғаныс министрі Сурен Папикян 22 қарашада Минскіде ҰҚШҰ аясында өтетін отырысқа қатыспайды.
Ал Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ сессиясына қатысу үшін Минскіге 23 қазанда барады.