«2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы Сенаттың сынынан өтпеді
Сенат депутаттары бюджет туралы заң жобасын Мәжіліске қайтарды/ kursiv.kz.
Сенат депутаттары «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын Мәжіліске қайтарды.
Бұған бірқатар баптарға енгізілген өзгеріс себеп болды. Алдағы уақытта Мәжіліс жаңа редакциядағы құжатты қайта қарайды.
Заң жобасын Үкімет басшысының орынбасары-Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев таныстырды.
«2024 жылға арналған кірістер 20,4 трлн теңге көлемінде болжанды. Трансфертсіз түсімдер 16,1 трлн теңгені немесе жалпы кірістің 80%-ын құрайды. Келесі жылы Ұлттық қордан 3,6 трлн теңге көлемінде трансферт тарту жоспарлануда, оның ішінде 1,6 трлн теңге нысаналы трансферт. Бұл қаражат әлеуметтік маңызы бар және стратегиялық инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағытталады. Бұл – автомобиль жолдарын, жылу, газ және сумен жабдықтау, инженерлік желілерді жаңғырту», – деді Ерұлан Жамаубаев.
Қаржы министрі ұлттық жобалар аясында жүздеген әлеуметтік нысан салынатына назар аударды.
«Жалпы, бюджеттің шығыстары 2024 жылы биылғы жылмен салыстырғанда 1,5 трлн теңгеге ұлғайып, шамамен 24 трлн теңгені құрайды. Бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,6% деңгейінде болады. Республикалық бюджеттің басым бөлігі мемлекеттік және әлеуметтік міндеттемелерді толыққанды орындауға, өңірлерді дамытуға бағытталған», – деді Үкімет басшысының орынбасары.
Ерұлан Жамаубаев Үкімет халықтың әл-ауқатын арттыруға басымдық беруді үздіксіз жалғастыратынын жариялады.
«Осыған орай әлеуметтік шығындардың бюджет шығыстарындағы үлесі 40%-дан асады. Бұл ретте тек индекстелген зейнетақы мен жәрдемақыны төлеуге 5,4 трлн теңге қарастырылған. Денсаулық сақтау жүйесін дамытуға, оның ішінде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыруға, 2,4 трлн теңге бағытталады. Білім беру саласын дамытуға, оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыруға, 1,7 трлн теңге жұмсалады», – деді Қаржы министрі.
Ерұлан Жамаубаев өңірлерді дамытуға республикалық бюджеттен 7 трлн теңгеден артық қаражат қарастырылғанын мәлімдеді. Бұл – жалпы бюджет шығыстарының шамамен 30%.
«Құжатты Сенатта талқылау кезінде Үкімет резерві есебінен «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасын іске асыруға қосымша 13,6 млрд теңге, өңірлердегі әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға 30,1 млрд теңге бөлуге қатысты қолдау жасалды», – деді Үкімет басшысының орынбасары.
Оның айтуынша, экономиканың нақты секторын дамытуға 2,9 трлн теңге бағытталады. Оның ішінде кәсіпкерлікті қолдауға 1,2 трлн теңге бөлінеді. Күш құрылымдарының 2024 жылға арналған шығыстары 2,6 трлн теңгені құрайды.