Абай облысындағы ЖЭО-ны жөндеумен айналысқан компания басшысына қатысты тергеу басталды

Жарияланды

Қаржы мониторингі агенттігінің Абай облысы бойынша Департаменті облыстағы жылумен жабдықтаудың 14 объектісін жөндеуге тиіс болған мердігер компанияның директоры ондаған миллион қаржыны ысырап етті деген күдікке ілінді, деп хабарлайды.

Агенттіктің хабарлауынша мемлекет мердігер компаниямен 1,2 млрд теңгеге
жөндеу жұмыстарын жүргізуге келісім-шарт жасаған, ал компания Семей қаласындағы
3 қазандық бойынша 67 млн теңгенің жұмысын орындамаған.

Бюджет қаражаты 2022 жылы қала қазандықтарын жөндеуге бөлінген. Алайда 1934 жылы пайдалануға берілген бұл жылу орталығы әбден тозып, қыста жылу энергиясын қалаға дұрыс жеткізе алмай қалған. Соның салдарынан қазандық дұрыс жұмыс істемейді.

Мамандардың айтуынша, жылыту маусымы барысында жылу берудегі ауытқулар орташа есеппен тәулігіне 3 рет тіркелді. Жалпы қалада 1 ЖЭО, сондай-ақ 17 қазандық және 72 жылу пункті жұмыс істейді.

Жылу берудегі дәл осындай проблемалар Аягөз және Курчатов қалаларында да тіркелген. Бұл қалалардағы жылу желілерінің тозуы 53% және 35% құрайды.

Құрамына энергетика және ТКШ басқармасы, ІМАД, ЭМ Атом және энергетикалық
қадағалау және бақылау комитетінің департаменті, тұрғын үй инспекциясының
мамандары кірген арнайы комиссия орын алған жағдайды себебін анықтау үшін
тексеріс жүргізген. Содан кейін мердігер компания директорына қатысты тергеу
жұмыстары басталған. 

«Заңсыз иемдену немесе жымқыру, яғни басқа біреудің мүлкін ұрлау деген күдік бойынша мердігер компанияның директорына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Қылмыстық іс шеңберінде жылумен жабдықтаудың 14 объектісін тексеру басталды»,- делінген агенттік хабарламасында.

Сотқа дейінгі тергеу тіркеліп, тергеу әрекеттері жүргізіле бастаған соң, мердігер Шульбинск кентінде құны 32 млн теңге болатын қазандықтың экономайзерін ауыстырып, іске қосқан. Ал былтыр бұл мердігер пайдаланылған құрылғыны жаңа құрылғы ретінде орнатқан болатын.

«Нәтижесінде 1,3 мыңнан астам жылумен қамтылуға тиіс абоненттің құқықтары қорғалды. Қабылданған шаралар нәтижесінде жылу жүйесіне 8 бюджеттік ұйым, 4 әлеуметтік нысан, 24 коммуналдық кәсіпорын қосылды. Осылайша, қала маңындағы тұрғындардың тіршілігін қамтамасыз ету объектілері, жылумен қамтылып, қауіпті жағдайдың алды алынды», – деп хабарлайды агенттік.

Еске сала кетсек, Энергетика министрлігі осыған дейін ЖЭО-ларды жаңғыртуға 182 млрд теңге қаражат қажет екенін мәлімдеген.

Ал 12 қыркүйекте Үкімет басшысы жеке меншік қолындағы ЖЭО-ларда міндеттемелер орындалмаса станциялар мемлекетке қайтарылуы мүмкін екендігін мәлімдеді. Премьер министр 2023-2024 жылдарға арналған нақты жұмыс кестесін белгілеп, оның орындалуын бақылауды талап етті. Міндеттемелер бұзылған жағдайда, станцияларды мемлекет меншігіне қайтарылады.

11 қазанда Риддер ЖЭО-сы коммуналдық меншікке өтетіні белгілі болды. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов орталық мемлекеттік органдар, Бас прокуратура, ҚМА, БҚДА және басқа да ведомстволар басшыларының қатысуымен Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның кезекті отырысын өткізіп, онда Риддер қаласындағы ЖЭО-ның айналасында қалыптасқан жағдай қарастырылып, осындай шешімге келген.  

Сондай-ақ оқыңыз