Алдағы үш жылда ҚазҰУ-дың аумағы қалай өзгереді
2026 жылға қарай ҚазҰУ аумағында жаңа оқу корпустары, жатақхана және әкімшілік ғимарат бой көтереді. Жаңа нысандардың жалпы ауданы жарты миллион шаршы метрге жуық жерді алады. Еліміздегі басты университеттің қалай өзгеретінін «Курсив» материалынан оқысаңыздар болады.
«ҚазҰУ қалашығы қаланың ең бір жасыл бұрышы ретінде танымал. 37 мың шаршы метр жерді алып жатқан жасыл желектер саны 18 мың», – деп жазылған еліміздің басты жоғары оқу орны саналатын ҚазҰУ-дың сайтында. Бірақ та үш жылдан кейін бәрі өзгеруі мүмкін. Университетті қайта жаңарту жоспары оның аумағында үлкен құрылыс бастауды көздейді. ҚазҰУ аумағында ауданы кем дегенде 500 мың ш. м болатын жаңа жерлер пайда болады. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, бұл Алматыдағы Mega және MegaPark, сондай-ақ Астанадағы «Хан-Шатыр» мен Mega Silk Way-ды қоса алғандай жер.
Еселеп өсу
2024 жылы ҚазҰУ 90 жылдығын атап өтеді. Жоғары оқу орны мерейлі жылды орасан зор өзгерістермен – студенттік қалашықтың екінші кезеңін салумен бастамақ.
Бірінші кезең жарты ғасыр бұрын салынып, ЖОО-ның заманауи студенттік қалашығы құрылысының іргетасы 1970 жылдың сәуірінде қаланған болатын. Алматының оңтүстік бөлігінде 100 гектар жерге оқу, спорт, тұрғын үй және шаруашылықтан тұратын төрт функционалды бөлік тұрғызылған. Жоба сол кездің өлшемі үшін орасан зор болатын. Алайда қаржы мен құрылысқа жұмысшылар қолы жеткіліксіз болды. Жатақхана мен оқу корпустарын салуға студенттік отрядтардың күші жұмылдырылды. Осының нәтижесінде құрылыс салудың арты сиыр құйымшақтанып, жаратылыстану ғылымдары факультеті мен кітапхана ғимараты, жас ғалымдар үйі (отбасылық жатақхана) тек 2010 жылы ғана бітті. Жоба салынғанша, сан рет өзгерді, дегенмен бас жоспар мен аймаққа бөлу сақталып қалды.
Соңғы жылдары жоғары оқу орнының аумағы 72,2 гектарға дейін қысқарды, ал жоспарланып отырған құрылыс ҚазҰУ-ды функционалды аймаққа бөлу ғана емес, сонымен қатар бөлуге болатын саябақ аумақтарынан айырады. Мұны ЖОО-ның мемлекет басшысына ұсынған макеті мен ҚазҰУ-ды жаңғырту жоспарынан көруге болады.
Құрылыстың екінші кезеңін қарастыратын ҚазҰУ-ды дамыту бағдарламасы 2022 жылдың шілдесінде бекітілді. Онда іс жүзінде қазіргі әкімшілік және оқу ғимараттарының, жатақханалардың, спорт ғимараттарының аумақтарын еселеп ұлғайту, сондай-ақ ғылыми орталық, инновациялық орталық, технопарк және емханасы бар аурухана салу туралы айтылған.
«Университет аумағында салынатын құрылыстың ауданы кем дегенде 500 мың ш.м. Объектілер шамамен 9 қабатты болады. Құрылыстың басталып және аяқталатын уақыты – 2024-2026 жылдар аралығы», – деді «Курсивке» ҚазҰУ басқарма мүшесі-қаржылық бөлім жөніндегі проректоры Калила Абдуллаев.
Оқу және әкімшілік ғимараттар
Бүгінгі таңда университеттің 18 оқу және зертханалық корпусы бар. «Бірқатар факультеттің ғимараты 50-ші жылдары салынған және негізі корпустан алыста орналасқан (қаланың басқа аудандарында – «Курсив»). Бұл бір университеттің әртүрлі факультеттерінде оқитын студенттердің білім алуында теңсіздік тудырады», – деп ҚазҰУ-дың жаңа корпустар салу себебін осылай түсіндірді.
Құрылыстың екінші кезеңінде он шақты факультет үшін 14 770 орындық оқу ғимараттарын салу көзделіп отыр. Кампуста ақпараттық технологиялар (2550 орын), биология және биотехнология (2310 орын), филология (2000 орын), философия және саясаттану (1650 орын), құқықтану (1200 орын), халықаралық қатынастар (820 орын), шығыстану (720 орын), сондай-ақ тарих (670) және география (2850 орын) факультеттері бой көтереді.
Макетке қарап, жаңа ғимараттар ҚазҰУ-дың орталық саяжолының екі жақ бетіне орналасатынын көруге болады. Бастапқы бас жоспар бойынша оқу, тұрғын және шаруашылық бөлімдер арасындағы бос жер тұрақ орны болу керектін. Жаңа оқу корпустар арасына фонтан, фуд-корт және «Ғылым стеласы» пішіндегі шағын сәулет орталығы болатын рекреациялық аймақ орын тебеді.
Жаңа медициналық факультетте оқу орындарынан басқа жалпы ауданы 35 шаршы метр жерді алатын аурухана, емхана, күндізгі стационар және медициналық зертханалар болады. Бұдан бұрын, жоғары оқу орны 2020-2025 жылдары салынатын 500 орындық аурухана мен медициналық-биологиялық зертханадан тұратын, құны 1 млрд доллар «Әл-Фараби» ғылыми-технологиялық алқапты таныстырған болатын. Инвестор – Görkem Co. түрік компаниясы ҚазҰУ-мен осы нысандарды салуға және оларды жабдықтармен қамтып, IT, инновация және медицина саласында мамандар даярлауға келісім жасаған. Оқу орталығы іске қосылғаннан кейін мемлекет меншігіне өтеді, ал инвестор шығынды бірлескен операциялық қызмет есебінен өтейді.
Сонымен қатар ЖОО аумағында әр қайысысы кем дегенде 6 мың шаршы метр болатын инновация және технопарк орталығы ашылады. Бұған қоса жалпы ауданы 3 мың шаршы метр жерге спорттық жабдықтар орнатылады.
ҚазҰУ-ға сол жақ кіре берістен (Тимирязев көшесінен) қазіргі тұрған арканың оң және сол жақ бетіне, саябақ аумақтары орнына 12 мың шаршы метр болатын ғылыми-зерттеу орталығының екі мұнарасын салу жоспарланған.
Ал оңтүстік жақтан (Әл-Фараби даңғылынан) ректорат ғимараты бой түзейді. Оның да аумағы 12 мың ш.м болады деп отыр.
«Жоба – өте ауқымды. Мұндай жобаны қолға алмас бұрын учаске мен қазіргі тұрған ғимараттарды, олардың қаншалықты ескіргенін, тиімді пайдалану деңгейін, жүктемені қаншалықты игеріп жатқанын зерттеп алу керек. Мүмкін, ішкі қайта жоспарлау есебінен орындарды пайдаланудың тиімділігін арттыруға болатын шығар. Тек осындай сараптама негізінде ғана қосымша объектілер салу туралы жоспар жасауға болады. Макеттен ғимараттардың не үшін салынатыны түсінікті. Ғимараттың ішін толтыру жайында ештеңе айтылмаған, ал бұл университет үшін басты нәрсе», – дейді сәулетші Алина Бейсенова.
Жатақхана
Жатақханалардағы орын саны үш есе көбейеді. Қазіргі 6 мың орындық 17 жатақханаға 12 мың орынға арналған жаңа жатақханалар қосылады. Олар студенттік қалашықтың оңтүстік бөлігіне салынады деп жоспарланып отыр. Егер қайта жаңарту макеті бойынша жорамалдайтын болсақ, жатақхананың үш ғимараты қазіргі биология және биотехнология факультетінен батысқа қарай орналасатын болады.
«Жатақханалар пайдалануға берілгеннен бері 30 жылдан астам уақыт өтті. Студенттер жатақханасының қолайлық деңгейі төмен, орын-жайлардың тозығы жеткен, жөндеуді қажет етеді. Мұқтаж студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету үшін университетке қосымша 12 мың орын керек», – деп түсіндірді кездесулердің бірінде ректор.
Кампустың оңтүстік-шығыс (Esentai Tower мен салынып жатқан бизнес-орталыққа жақын) бөлігінде, сондай-ақ Есентай өзенінің бойындағы (стадионның солтүстігіне қарай) бос жерде оқытушыларға арналған 6-8 қабатты тұрғын үй салу жоспарда бар.
Бұған дейінгі жоспарларда 2021 жылдың шілдесінде Есентай өзенінің жанындағы бос жерде 250 төсек-орынға арналған 9 қабатты жартылай шеңбер пішініндегі еліміздегі ең үлкен жатақхана пайда болу керек еді. Оның құрылысына 2020 жылы кірісіп, жер тегістеліп, шұңқыры қазылған болатын. Алайда ректор ауысқаннан кейін, 2021 жылдың басында құрылыс тоқтатылып, бұрынғы ректор мен «СК Самұрық-Құрылыс» ЖШС арасында жасалған шарттың заңнамаға сәйкестігі, ЖОО-ның құқығы мен мүддесінің сақтаулын тексеруді жөн көрген.
Сол кезде проректордың м.а. Олжас Есеналин Курсивке: «Бүгінгі таңда университетте Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды дамытудың жаңа тұжырымдамасы әзірленіп жатыр»,– деген.
Қазіргі тұжырымдамаға сәйкес университеттің тұрғын үйге мұқтаж екі мыңнан астам оқытушысы мен қызметкері баспанамен қамтамасыз етілмек.
«Кадрды сақтап қалу, жас дарынды мамандарды тартып, қолдау үшін қызметтік тұрғын үй салу қажет. Аталған ұсынысты іске асыру университеттің оқытушылары мен мамандарының өмір сүру деңгейі мен сапасын жақсартуға мүмкіндік береді», – деп ректор сенім білдірді.
ҚазҰУ-дың жаңа сәулеттік тұжырымдамасын кім жасайды
ҚазҰУ-дың жаңартылған кампусының сәулеттік тұжырымдасы мен эскиздік жобасын әзірлеу «СП NEFT» ЖШС сәулет-құрылыс компаниясына тапсырылған. Instagram-дағы парақшасына қарап, компанияның портфолиосында Алматыдағы қалалық сот, өрт депосы мен дзюдо академиясы, Қарағандыдағы стадион мен бірнеше тұрғын үй кешендері мен әкімшілік ғимараттардың жұмыс жобасын әзірлегенін көруге болады. Бірақ та «Курсив» мемлекеттік мердігердің портфолиосынан ҚазҰУ-дың кампусын модернизациялау көлеміне келетін жобаларды таппады.
Құрылыс бастамас бұрын СП NEFT-ке студенттік қалашық аумағындағы жергілікті маңызы бар тарихи ескерткіштердің (Студенттер сарайы), мемлекеттік байланыс желілері мен тектоникалық бұзылудың бар екенін ескеру керек. Техникалық тапсырмада жаңа ғимараттарды қазіргі объектілермен құрамдастыру, жаяу жүргінші, велосипед жолын және визуалдық байланысты, көше, ландшафты және қасбеттік жарықтандырумен қамтамасыз ету бар.
2024 жылдың наурыз айының соңына дейін мердігер сәулеттік тұжырымдаманы жасап қана қоймай, оны тапсырыс беруші ҚазҰУ басшылығымен, қала құрылысы кеңесі, сондай-ақ Алматы қаласының Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасымен мақұлдауы керек.
Осыдан кейін құрылысшыларға ауқымды жобаны жүзеге асыруға 2,5 жыл ғана (құрылыс 2026 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр) қалады.
ҚазҰУ-ны жаңғырту кімнің қалтасынан төленеді
«Университет жатақханалары құрылысын қаржыландыру көзі – «Қаржылық орталық» АҚ тетігі бойынша әлеуетті инвесторлар қаржысын тарту», – деді «Курсивке» Калил Абдуллаев.
Яғни инвесторлар жатақхананы өз қаржысы есебінен салады, ал білім және ғылым министрлігі мемлекеттік тапсырысты қамтамасыз етіп, сегіз жыл бойы студенттің әр төсек-орнын төлейтін болады. МЖӘ шарты әрекет ететін кезеңде инвестор бюджеттен әрбір тұрып жатқан адам үшін 4 млн теңгеге дейін алуы мүмкін. ҚазҰУ-ды дамыту бағдарламасында көрсетілген жатақхана құрылысының орташа құны – 2-5 млрд теңге. Осындай жобаларды іске асырып жүрген инвесторлардың мәліметіне сүйенер болсақ, қаражаттың өтелуіне шамамен 4-5 жыл кетеді. Мемлекеттік тапсырысты алумен қатар инвестор студенттерден тұру үшін алынатын ай сайынғы төлемге де үміттеніп, жатақханадағы дүкендер, шаштараз сияқты коммерциялық нысандар есебінен де ақша таба алады.
ҚазҰУ-дың қаржылық мәселелер жөніндегі проректорының айтуынша, оқу корпустары мен басқа нысандар құрылысын қаржыландыру көзі мен көлемі әлі күнге дейін «уәкілетті мемлекеттік органдардың қарауында». Әзірге тек ҚЭН (мердігер «Ramusta»ЖШС) мен эскизді жобаның сәулеттік тұжырымдамасын әзірлеу жөніндегі қызмет құны ғана белгілі. Мемлекеттік келісімшартқа сәйкес бұл 22,4 млн және 276,7 млн теңге.