ҰҚШҰ мүшелері арасында алауыздық бар ма, Тоқаевтың мәлімдемесі Қазақстанның ұйымға қатысты позициясынан хабар бере ме?

Жарияланды
Фото: ҚазАқпарат

23 қараша күні Минскіде ҰҚШҰ басшыларының саммиті өтті. Онда Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталған ұйымға төніп тұрған қатерге қатысты өз пікірін жария етті.

«Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүше-мемлекеттердің қауіпсіздігіне қатер төніп келе жатқанын, егер ондай қауіп болса да, оны үнемі айта берудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Түптеп келгенде, қауіп-қатер әрдайым болған», – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл тақырыпты қайта-қайта көтеру, бізді әлдекімнен қорқатындай көрініс қалыптастыратынын айтты.


«Мұндай мәлімдемелер мүлде қате түсінікке алып келуі мүмкін, тіпті қазірдің өзінде солай болып көрінеді. Қатысушы мемлекеттердің абырой-беделін және олардың әскери-саяси әлеуеті мен қуатын ескере отырып, ұйымның риторикасы қатал, әйтсе де белгілі бір деңгейде қисынды болуға тиіс. ҰҚШҰ беделді әскери-саяси ұйым ретінде өзінің жетістігін паш етті. Бірақ алдымызда ұйымға мүше мемлекеттердің конструктивті мүддесіне сай келуге тиіс жаңа міндеттер тұр, – деді Мемлекет басшысы.

Кursiv.media тілшісі президенттің позициясы мен айтқан сөзінің астарына үңілу үшін саясаттанушыларға сөз берді.

«Ресей ҰҚШҰ болсын, Еуразиялық экономикалық одақ болсын, жалпы бұрынғы кеңес үкіметінің мемлекеттеріне НАТО-дан қауіп бар екенін жиі айтады. Бұған қоса Украинамен Ресейдің арасындағы қазіргі соғыста Украинамен емес, батыспен соғысып жатқандарын мәлімдейді. НАТО-мен соғысып жатырмыз дегенді қайталаудан жалықпайды. НАТО-дан ҰҚШҰ-ға да қауіп бар дегенді меңзейді. Батысты жау есебінде көрсетеді. Менің ойымша Тоқаев осы мәселені айтты», – деді Дос Көшім

Оның айтуынша, бұл жерде 2 сұрақ бар. Бірінші сұрақ, Иманғали Тасмағамбетовтің мәлімдемелері Қазақстанның сыртқы саясатымен қатар келмейді.

«Иманғали Тасмағамбетов Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының Бас хатшысы лауазымын атқарып отыр. Ол Қазақстанның бағытын ұстануға міндетті емес. Қазақстанның өзінің саясаты, өзінің ұстанымы бар. Әскери одақтың бағыты бөлек. И. Тасмағамбетов қазақстандық болғандықтан Қазақстанның саяси позициясын ұстануы керек деген сөз ақылға сыймайды. Екі түрлі бағыт болуы әбден мүмкін. Оған таңғалудың қажеті жоқ», – деді.

Саясаттанушының айтуынша Қазақстан өзіне-өзі жау табуға тиісті емес.

« ҰҚШҰ өзін сыртқы жаулардан қорғау үшін құрылған ұйым. Сол ұйымға өз басым батыстан, НАТО-дан ешқандай қауіп көріп тұрған жоқпын. Әрине кез келген әскери ұйым қандай да бір жауға қарсылық таныту үшін құрылатыны айдан анық. Бірақ бізге жолды Ресей анықтап бермеуі керек. Мәселе Ресейдің қазіргі кездегі соғысына қатысы болуы мүмкін, бірақ мұның ҰҚШҰ-ға қатысы жоқ. Менім ойымша Тоқаев осы мәселені жеткізді. Осының барлығының арасында бір-ақ нәрсе жатқан сияқты, Тоқаев Ресейге әскери одақты өзінің сыртқы саясатына пайдалануға болмайтынын жеткізген тәрізді», – деді Дос Көшім.


Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры, саясаттанушы Талғат Қалиев Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесі Қазақстанның сыртқы саясаттағы басым бағытының белгісі екенін жеткізді.

«Қазақстан әу бастан өзін бейбітшілікті қолдайтын, барлық көршілерімен, серіктестерімен достық қарым-қатынас орнатқан мемлекет ретінде көрсетіп келеді. 30 жылдан астам уақыт біз өзге мемлекеттермен жанжалдасудан сақтандық. Біз қауіп-қатердің деңгейі қандай болатынын бағалай аламыз. Жалпы, кез келген қауіпсіздік блоктары қауіпсіздік сезімін күшейту үшін қажет. Қауіп туралы негізсіз мәлімдемелер, қандай да бір қатерді шектен тыс ұлғайтып көрсету тұрғындар арасында шиеленіс пен қорқыныш және мазасыздық пен алаңдаушылық атмосферасының пайда болуына әкеледі. Үшінші елдердің алдында әскер блок туралы бұрмаланған, теріс түсінік қалыптастыруға әсер етеді. Сондықтан кез келген осындай ұйым мәлімдемелерінде өздеріне мүше-мемлекеттердің ұстанымын көрсететін нақты саясат ұстануы тиіс. Әлем туралы өз түсінігі бар жеке субъект болуға тырыспау қажет. Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесі бірінші кезекте ұжымдық келісім мәлімдемесі ұйымға мүше-мемлекеттердің ортақ ұстанымы болуға тиіс дегенге саяды. Мәлімдемелер келісілуі керек. Ол консенсустық пікірге негізделу тиіс. Жекелеген лауазымды тұлғалардың эмоционалды пікірі болмауы керек», – деді Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры.

Саясаттанушы Асхат Қасенғали Минскте өткен ҰҚШҰ-ның кезекті жиыны ұйым ішінде алауыздықты сыртқа шығарғанын айтты.

«Бұл бұған дейін байқалып жүр еді. Осы жолы визуалды түрде нақты көрінді. Армения ҰҚШҰ-ға өкпелі болатын. 2020 жылғы екінші Қарабақ соғысынан кейін Арменияның ҰҚШҰ-ға сұрағы көбейді. Осы жолы Армения демарш жасап, ұйымға өкілін де жібермей қойды. Бұған дейінгі отырыстарда Армения премьер-министрі Никол Пашинян жиынға өзі қатыспаса да, өкілін жіберетін. Кеше өкілі де қатысқан жоқ. ҰҚШҰ-да дефакто: Арменияның бөліністі бастағаны көрінді. Соңғы 3 жылда ҰҚШҰ ішкі кризисті бастан өткеріп жатыр деп айтсақ болады. Себебі Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекаралық қақтығыста ҰҚШҰ аты аталған мемлекеттер ұйымға мүше болса да, оларды реттестіре алмады. Өйткені ондай механизм жоқ. Осыдан 1,5 жарым жыл бұрын Ресей Украинаға соғыс ашты. Сол кезде ҰҚШҰ-ға мүше-мемлекеттердің арасында Ресейдің агрессиясын Беларусь мемлекеті ғана жақтады. Қалған мемлекеттер бейтараптық сақтады. Қарабақ аймағындағы Әзірбайжанның антитеррорлық операциясы және Арменияның тас-талқан болып жеңілгені ҰҚШҰ-да шешімін таппаған мәселелер бар екенін айғақтады», – деді ол.


Саясаттанушы И. Тасмағамбетов ҰҚШҰ-ның бас хатшысы қызметін 1 жылға жуық атқарып келе жатқанын, осы уақыт аралығында оның аузынан бірнеше мәрте «ҰҚШҰ-ға мүше-мемлекеттерге қауіп төніп тұр» деген риторикадағы мәлімдеме шыққанына назар аударды.


«Бұл тек И.Тасмағамбетов қана емес, А.Лукашенко айтып жүрген сөз. И.Тасмағамбетовтің осы ұйымға төрағалық етуі, яғни бас хатшы қызметіне кірісуі және Беларусь тарапының ұйымды бір жыл басқаруы бір уақытқа, бір мезгілге келді. Беларусь ҰҚШҰ-ға төрағалық еткен кезеңде барынша антибатыстық мәлімдеме жасады. Бұл түсінікті жағдай, өйткені Беларусь Ресейді қолдаушы мемлекет. Минск пен Мәскеуге салынған санкция осы екі елді ғана әбігерге түсірмесін деген шығар, А.Лукашенко ҰҚШҰ-ға мүше-мемлекеттерді қақтығысқа тарту амалдарын жасауға тырысты. Оны мәлімдемелерінен естідік. Қазақстан президенті айтқан сөздің астарында ҰҚШҰ-ға мүше-мемлекеттер Ресей мен Беларусь бастаған әскери авантюраға қатысуды қаламайды деген ой жатыр. Белгілі нәрсе, біз 2024 жылы ҰҚШҰ-ға төрағалық еткенде А.Лукашенко сияқты мәлімдеме жасамаймыз», – деді Асхат Қасенғали.


Оның топшылауынша, Қазақстан ҰҚШҰ аясындағы саясатын әскери жаттығу өткізу, жиындарда бас қосу деңгейіндегі әрекеттермен шектейді.

«И.Тасмағамбетовтің сөзі ҰҚШҰ саясатына және Ресей мен Беларусьтің сөз айту алгоритміне қарай сапталып жүр. ҰҚШҰ-ғы ішкі кризис кеше айқын байқалды. И.Тасмағамбетов пен А.Лукашенконың мәлімдемелеріне Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірі нақты жауап болды», – деп түйді ойын саясаттанушы.


Сондай-ақ оқыңыз