«Дос-Мұқасан» тобының әншісі Ақжол Мейірбеков қайтыс болды

Жарияланды

«Дос-Мұқасан» тобының әншісі Ақжол Мейірбеков қайтыс болды. Әнші ұзаққа созылған аурудан кейін 73 жасында өмірден озды.

«Біз үшін бүгінгі күн-қаралы күн. «Дос-Мұқасан» ансамблінің әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, Алматы қаласының құрметті азаматы Ақжол Мейірбеков ұзаққа созылған науқастан өмірден озды.
Өнер ұжымында талай жылдар көрерменге көлдей көңілімен ән салып, қадірлі болған азаматтан айрылу жанымызды жабырқатты. Қазақ еліне қайғырып көңіл айтамыз»,  – деді «Дос-Мұқасан» ұжымы әлеуметтік желіде.

Ақжол Мейірбеков 1950 жылы 7 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс қаласында дүниеге келген. 1978 жылы «Дос-Мұқасан» ансамбліне қабылданады да, 1985-1994 жылдары Алматы облыстық филармониясының «Арқас», «Сазген», «Адырна» ансамбльдерінде ән салған. Әнші 1994-1996 жылдары «Гүлдер» ансамблінің көркемдік жетекшісі әрі директоры болды.

Ал 2001 жылы «Ақжол» ән-театрын құрды. Музыкант 2010 жылы қайтадан «Дос-Мұқасан» тобына оралып, осы күнге дейін ансамбльдің әншісі болды.

Ақжол Мейірбеков – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері.

Әншінің отбасында жары Шарипа ханым, балалары – Луиза, Сұлтан және Тимур және 8 немере мен 1 шөбересі бар.

Сондай-ақ оқыңыз