Келесі жылдан бастап автогазбен жүретін көліктерге арнайы белгі қою міндеттеледі

Жарияланды (жаңартылды )
газ
Автогазбен жүретін көлік иелері арнайы белгі орнатуы керек / Фото: shutterstock; freepik

Қазақстанда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стандарттарды жақсарту мақсатында автогазбен жүретін көліктерге арнайы белгі қою міндеттеледі. Бұл жайлы Сауда және интеграция министрлігі хабарлады.

Атап айтқанда, ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті Төрағасының 2023 жылғы 24 қарашадағы № 466-нк бұйрығымен ҚазСтандарт әзірлеген ҚР СТ 1412-2017 «Жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдары. Қолдану қағидалары» ұлттық стандартына толықтырулар енгізілді. Өзгерістер 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.

«Газға қайта жабдықтау көп жағдайда барлық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып жүргізілмейді.Сол себепті де, кей жағдайда мұндай көлік құралдары біздің азаматтарымыз үшін қауіпті болуы мүмкін. Осыған байланысты газға қайта жабдықталған көлік құралдарының жабық тұрақтарға кіруіне тыйым салынады. Дәл осындай автомобильдерді сәйкестендіру және мұндай тыйымдарды әкімшілендіру үшін арнайы белгі енгізілді»,- дейді Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев.

Өзгеріс газ баллон жабдығы бар автомобильдерге арнайы белгіні орналастыруды міндеттейді. Ол белгінің бәріне ортақ шаблоны да айқындалып қойған. Министрліктің абарлауынша мұндай белгі «жиегі қара түсті, «GAS» леп белгісі қойылған, сары түсті теңбүйірлі үшбұрышты белгі» болуы тиіс. Бұл белгі жабық паркингтерге кірген кезде көлікті оңай тану үшін қажет.

«Жаңа нормалар сонымен қатар газбен жүретін көліктерді жабық тұрақ аймақтарында тұраққа қоюды тиімді бақылауға және тыйым салуға мүмкіндік береді, бұл сайып келгенде азаматтардың жалпы қауіпсіздігіне ықпал етеді»,- дейді комитет өкілі.

Бұл құжат Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 534 бұйрығымен бекітілген Жол қозғалысы қағидаларына сілтеме түрінде көрсетілген.

Сондай-ақ оқыңыз