Қытай инвесторының 75 млрд теңгелік жобасы негізсіз тоқтатылып келген – прокуратура

Жарияланды
прокуратура
Прокуратура қытайлық инвестордың құқын қорғады /Фото: shutterstock; gov.kz

Сәтбаев қаласында прокуратура 75 млрд теңгеге жел станциясын салмақ болған инвестордың құқығын қорғады.

Ұлытау облысында 75 млрд теңгеге жел станциясының құрылысын жүзеге асырмақ болған қытайлық инвестор өз компаниясын Сәтбаев қаласында салық төлеуші ретінде тіркегеніне қарамастан, фискалдық органдар оның жұмысына тосқауыл қойған.

«Компанияның кеңсесі нақты тіркелген мекенжайда болғанына қарамастан, фискалдық орган оның банктік шоттары бойынша операцияларын негізсіз тоқтатып, заңды тұлғаны мемлекеттік қайта тіркеудің күшін жою туралы сотқа талап арыз енгізген. Нәтижесінде инвестордың қызметі тоқтатылып, бұл инвестициялық жобаны іске асырудың кешеуілдеуіне әкелді»,- делінген прокуратура хабарламасында.

Нәтижесінде прокуратураның актісі бойынша талап қайтарылып, инвестордың бұзылған құқықтары қалпына келтірілген. Ал кінәлі лауазымды адамдар жауапқа тартылған.

Ал Қостанай облысының прокуратурасы отандық кәсіпкерлеріміздің құқығын қорғады. Прокуратура тексеріс жүргізіп, нәтижесінде облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының қызметінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді субсидиялау жөніндегі өтінімдерді қарауда кемшіліктер тапқан.

«Өңірде агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялауға 3,3 млрд теңге бөлінді. Бұл ретте 865 кәсіпкердің өтінімдері 2023 жылғы мамырдан бастап қаралмай келген. Негізінен қызмет көрсету мерзімі 14 жұмыс күнін құрайды. Облыс прокуратурасы енгізген қадағалау актісі бойынша бұзушылықтар жойылды, облыс әкімдігі өңірдің 757 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне 3,3 млрд теңге сомасына субсидиялар төледі»,- делінген прокуратура хабарламасында.  

Осыған дейін прокуратураның баспасөз қызметі Өскемен әуежайының басшылығын кәсіпкер құқығын бұзғаны үшін жазаланғанын хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз