Алаяқтық, ұрлық, заңсыз сыйақы алу: «Қазпошта» өңірлердегі мекемелерінде 273 млн теңге жымқырылғанын анықтады
Коллаж: kursiv.media
«Қазпошта» АҚ-да жүргізілген тексеру барысында 273 млн теңгеден астам қаржының жымқырылғаны анықталды. Бұл туралы ұлттық пошта операторының сайтында жазылды
«2023 жылдың қорытындысы бойынша бірқатар өңірлерде жалпы сомасы 273 млн теңгені құрайтын қаржылық заң бұзушылықтар анықталды», – делінген ресми хабарламада.
Ішкі тексеру материалдары процессуалдық шешім қабылдау және күдіктілерді жауапқа тарту, сондай-ақ келтірілген шығын сомасын өтеу үшін экономикалық тергеу департаментіне жолданды.
«Заң бұзушылық фактілері қатарында жымқыру, алаяқтық, ұрлық және заңсыз сыйақы алу фактілері бар», – деп нақтылады «Қазпошта» АҚ сайты.
Белгілі болғандай, «Қазпоштаның» 7 өңірлік филиалында 11 қылмыстық іс тіркелді. Ішкі тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.