Алматыда өрттен 13 адам қайтыс болды

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің редакторы
пожар
Алматыда өрттен 13 адам қайтыс болды / shutterstock

Алматыда хостелде өрт шығып, құтқарушылар оқиға орнынан 13 адамның денесін алып шықты. Төтенше жағдайлар министрілігі олардың көміртек газдан тұншығып қайтыс болуы мүмкін екенін хабарлады.

Министрлік хабарламасына сүйенсек, 30 қараша таңғы сағат 05:33-те Әди Шәріпов көшесінде өрт шықты деген хабар келіп түскен.

Алғашқы өрт сөндіру бөлімі оқиға орнына 7 минутта жеткен. Бұл уақытқа дейін өрт үш қабатты үйдің жертөлесіне өтіп кеткен. Ғимараттың жертөлесімен бірінші қабатында хостел болған. 

Өрттің жалпы аумағы 25 шаршы метр.

«Өрт сағат 06:22-де сөндірілді. Өрт сөндіру және барлау жұмыстары кезінде 13 адамның денесі табылды. Олардың кім екені әлі анықталған жоқ», – делінген хабарламада.

Құтқарушылардың алдын ала болжамына сәйкес адамдар көміртек газбен уланып қайтыс болған.

«Таңғы сағат 08:40 ақпаратқа сәйкес, оқиға орнынан 59 адам эвакуацияланды. 3 адамды жедел жәрдем ауруханаға жеткізді», – деп хабарлады Алматы қаласының әкімдігі. 

Әкімдік 56 адамды уақытша жақын маңдағы мектеп ғимаратынан жайғастырған. Оларға ыстық тамақ беріліп, медициналық және психологиялық қолдау көрсетіліп жатыр. Алдағы уақытта оларды осы аудандағы қонақүйлерге қоныстандырады.

24 қазанда Абай облысының Аягөз қаласында бір үйдің 4 баласы иіс тиіп қайтыс болды.

Сондай-ақ оқыңыз