Міндетті емес: Саусақ іздерін тапсыру ерікті болмақ

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы

Фото: kursiv.media

Қазақстанда саусақ іздері тіркеу ерікті болмақ, Тек шетел азаматтары үшін міндетті. Мәжіліс бұл мәселені заңнамалық деңгейде бекітіп, Сенатқа жолдады. Бұған дейін саусақ іздерін тіркеу 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті болады деп жоспарланған.

Мәжіліс «Мемлекеттік корпорация мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда талқылады.

Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляеваның айтуынша, заң жобасы негізінде 17 заңнамалық актіге, оның ішінде Қазақстанның 5 кодексі мен 12 заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу көзделген.

«Қазақстан Республикасы азаматтарының құжаттарын қабылдау кезінде дактилоскопиялық тіркеуден өту міндеті алынып тасталды. Қазақстандықтар өз еркімен тіркеле алады. Сонымен қатар, шетел азаматтары үшін саусақ ізін алу міндетті болып қалады», – дейді Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева.

Сондай-ақ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға жеке сәйкестендіру нөмірін алу үшін Қазақстан аумағындағы тіркеу органдарына жеке өтініш беру талабы енгізіледі. Бұрын олар мұны елге келмей-ақ сенімхат бойынша жасай алатын.

Заңға енгізілген түзетулерге сәйкес серіктестік ұйымдар мен келісімдер институты енгізіледі. Бүгінде пилоттық режимде ауылдарда «Қазпошта» бөлімшелерінде фронт-офистер табысты жұмыс істеп жатыр.

«Заң бойынша мемлекеттік қызмет көрсету процесі екіге бөлінеді. Мемлекеттік қызметтерді тек мемлекеттік органдар ғана көрсетеді, ал нәтижелерді қабылдау мен беруді мемлекеттік органдар дербес немесе әріптестік ұйымдар арқылы жүзеге асыра алады», – деді Смышляева.

Сонымен қатар депутаттар құжатқа бірнеше түзету енгізген. Олар:

  • «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының қызметкерлерінің санаттарын нақтылау;
  • Өтініштерді кәсіпкерлік субъектілері арқылы әріптестік келісімдер негізінде қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсетудің дайын нәтижесін беру мүмкіндігін ұсыну;
  • Мемлекеттік корпорацияның көрсетілетін қызметті алушының қалауы бойынша жеке ақыға қосымша сервистік қызмет көрсету;
  • Astana Hub халықаралық технологиялық паркі қатысушыларын орналастыру талаптарын оңтайландыру;
  • Қазақстан азаматтарының жеке куәлігін және (немесе) Қазақстан азаматының төлқұжатын (паспортын) алған кезде дактилоскопиялық тіркеуден өту міндетін алып тастау.

2024 жылдың 1 қаңтарынан жеке басты куәландыратын құжат беру кезінде міндетті дактилоскопиялық тіркеу қолданыла бастайтыны хабарланған. Деректер қорына саусақ ізі дактосканерлер арқылы енгізіледі.

Сондай-ақ оқыңыз