Заңсыз иемденген: Атырау облысында жеке меншікке өткен газ құбыры мемлекетке қайтарылады

Жарияланды
Газ құбыры
Мемлекет меншігіне өтетін газ құбыры кәсіпорындарды газбен қамту үшін пайдаланылады / Фото: kursiv.media

Атырау облысында заңсыз газ құбыры мемлекет меншігіне қайтарылады. Бұл жайлы ҚР премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссия отырысында айтылды.

Жиында тауарлық газды тасымалдау саласындағы заңсыз иемделген активтерді қайтару мәселесі қаралған. Осы орайда, ҚР Бас прокуратурасы тексеру жүргізіп, нәтижесінде 2021 жылы жекеменшік компанияның Атырау облысында ұзындығы 200 метрден асатын газ құбырын төмендетілген бағамен заңдылықты бұза отырып сатып алғанын анықтаған. Яғни «QazaqGaz» ҰК» АҚ ұлттық операторының газбен жабдықтау нысандарын сатып алуға басым құқығы туралы заң нормасы бұзылған.

«Талқылау нәтижелері бойынша комиссия газ құбырын беру жөніндегі мәмілені жарамсыз деп тану және мүлікті мемлекет меншігіне қайтару бойынша тиісті материалдарды сотқа жолдау туралы шешім қабылдады. Алдағы уақытта оны өңірдегі ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарды газбен қамтамасыз ету үшін пайдалану жоспарланып отыр», – деп хабарлайды үкімет үйінің баспасөз қызметі.

Өз кезегінде, премьер-министр осыған ұқсас жағдай қалыптасқан басқа да бірқатар кәсіпорындарда тиісті тексеру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Еске сала кетсек, алдағы уақытта Ақтөбеден Қостанайға дейін жаңа газ құбыры салынады. Бұл жоба елдімекендерді де, оған қоса, көп отын көлемін қажет ететін ірі инвестициялық аумақты газдандыруға мүмкіндік береді.

Энергетика министрлігі «QazagGaz» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, бірден техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатыр. Оған сәйкес «Ақтөбе-Қостанай» магистральді газ құбырын жобалау жұмыстары 2024 жылы аяқталады.

Сондай-ақ оқыңыз