Air Astana ішкі рейстердің бағасын 2024 жылдың соңына дейін көтермеуге міндеттелді
Air Astana ішкі рейстердің бағасын 2024 жылдың соңына дейін көтермейді /kursiv.media
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мен прокуратура органдары Air Astana әуекомпаниясына бірлесіп жүргізген тексеруді аяқтап, компанияға 876 млн теңге айыппұл салды. Сонымен қатар, әуекомпаниясы ішкі рейстердің бағасын 2024 жылдың соңына дейін көтермеуге міндеттелді. Сонымен қатар, алдағы уақытта жанармай алымын алуды тоқтатуды көздейтін заңнамаға түзету енгізілуі мүмкін.
Тексеріс кезінде ұшақ билеттерін ұшу күні немесе таяу күндерде сатып алған кезде Air Astana әуекомпаниясы жолаушылардың барлық санаттынан 3500-ден 6500 теңгеге дейінгі мөлшерде жанармай алымын негізсіз алып, оны қолданудың мақсаты мен қағидатын іс жүзінде өз қалауынша реттегені анықталды.
Заң бойынша, отын алымы тасымалдауға арналған тарифтің қолданылу кезеңінде авиаотынға жұмсалатын шығындардың өсуін өтеу мақсатында ғана алынуға тиіс.
«Тексеру қорытындысы бойынша Air Astana әуекомпаниясы Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі Мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен жанармай алымын негізсіз қолдануда көрсетілген үстем/монополиялық ережені теріс пайдаланғаны үшін 876 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деп хабарлады Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі.
Air Astana әуекомпаниясы біріншіден, 2023 жылғы 6 желтоқсаннан бастап жанармайға қосымша ақы алмайтын болды. Мәселен, Астана-Алматы бағытындағы билеттің орташа бағасы 28 435 теңге емес, 24 435 теңге болады. Баға 14%-ға төмендейді.
Алматы-Ақтау бағытында билет бағасы 17%-ға арзандап, орташа баға 37 568 теңгеден, 31 078 теңгеге азаяды.
«Екіншіден, 2024 жылдың соңына дейін ішкі бағыттар бойынша жолаушыларды авиатасымалдау қызметтерінің бағасын көтеруге шектеу қойылады. Үшіншіден, осы жылы және 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін AirAstana орташа және төмен бағамен сатылатын билеттерінің саны 70%-дан (яғни, Y, B, H брондау класының тарифтері бойынша тек 30%) төмен болмауы тиіс», – деп хабарлады Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі.