Алматы әкімдігі жұмыс істейтін жастарға жалдамалы пәтер береді, өтініш қабылдау 11 желтоқсанда басталады
Алматыда «Жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы аясында өтініш қабылдау басталады.
Өтініш қабылдау 2023 жылдың 11-ші желтоқсанда басталып, 15 желтоқсанға дейін жүргізіледі. Бұл аралықта Алматы қаласының коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы «Жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы аясында Алматы қаласының жұмыс істейтін, 35 жасқа дейінгі жастарынан өтініштер мен құжаттарды қабылдайды. Өтініш пен құжаттар www.kezekte.kz сайты арқылы онлайн қабылданады.
Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйлер 3 жыл мерзімге беріледі. Осы мақсатта Наурызбай ауданынан 2 100 пәтер жалға берілмек.
«Бұл пәтерлер 35 жасқа толмаған, жалпы білім беретін мектептердің және техникалық және кәсіптік, орта және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының білім беру оқу бағдарламаларын меңгерген және еңбек қызметін жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматтарына беріледі», – делінген баспасөз хабарламасында.
Пәтерді жалға алу үшін азаматтар Алматы қаласында тұрғылықты жері бойынша 3 жыл бойы тұрақты тіркеуде тұрғанын растауы керек. Сонымен бірге өтініш берушінің, жұбайының (зайыбының), кәмелетке толмаған балаларының өтініш берудің алдындағы 5 жыл ішінде меншік құқығында, жалдау құқығымен немесе сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйдің жоқтығын растайтын құжаты болуы шарт.
Пәтерді жалға алғысы келетін жастардың тұрақты табыс көзі болғаны жөн. Өйткені құжат тапсырғанда баспанаға үміткердің – соңғы алты айда кемінде 40 айлық есептік көрсеткіш – 138 мың теңге мөлшерінен кем емес ай сайынғы табысы болуы қажет.
Сонымен бірге банктік жинақ шотында 40 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен кем емес қалдық болуы тиіс.
Қатысушыларды іріктеу балдық жүйе негізінде жүргізіледі.