Ғылым министрлігі студенттерді тұрғызу бойынша Алматының 85 хостелімен келісімшартқа отырған – Саясат Нұрбек

Жарияланды
Хостелдерге
Қазақстан бойынша 17488 жатын орын жетіспейді, сол себепті студенттер хостелдерге орналастырылған / Фото: kursiv.media

Жатақханалардан орын таппаған студенттер хостелдерде тұрады. Өткендегі қайғылы оқиғадан кейін ата-аналар балаларына алаңдаулы. Бірақ Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бұл мәселеге қатысты алаңдамауға болатынына сендірді.

Журналистер студенттерді хостелдерге орналастыру жағдайын көтерді. Бұл тәжірибенің осы министрдің тұсында енгізілгенін алға тартқан олар министрден бұл мәселеге қатысты ойын сұрады.

«Жалпы, мұндай тәжірибе біздің министрлік құрылмай тұрып та болған. Қазіргі таңда министрлік Алматының 85 хостелімен келісімшартқа отырған. Оған сәйкес ол жерлерге бөтен адамдар орналастырылмауы керек. Яғни бұл хостелдерде тек келісімшартқа отырған студенттер тұруға құқылы. Сонымен бірге тамыз айында министрлік депутаттармен бірігіп, келісімшартқа отырған хостелдердің жағдайыман толық танысып, аралап қайтқан болатын. Біз өзіміз келісімшартқа отырған хостелдерді тексеріп, қадағалап отырамыз. Ал өрт болған хостелге келер болсақ, бұл хостелмен министрлік ешқандай келісімшарт жасаған жоқ. Біз келісімшартқа отырған хостелдерде мұндай қайғылы жағдай болмайды деп сенеміз. Десе де, қайғылы оқиғадан кейін хостелдерге қоятын талабымызды күшейте түсетініміз анық. Сол себепті балалары хостелдерде тұратын ата-аналары еш алаңдамаса болады», – деді министр.

Сонымен бірге министр оқу орындарының күні не себепті хостелдерге қарап қалғанын түсіндіріп берді.

«Жалпы жатақханалар мен студенттерге жатын орын тауып беру мәселесі әлі де қиын. Бұл мәселе 40-50 жылдан бері шешімін таппай келеді десем де болады. Өйткені академиялық инфрақұрылымға яғни академ-қалашықтар мен жатақханаларға 1970-1980 жылдардан бері үлкен инвестиция құйылмаған. Ал 90-шы жылдары, өкінішке қарай, приватизация жүріп, қосымша орындардан айырылып қалдық. Нәтижесінде бүгінгі күні 17 488 орын тапшылығы туындап отыр. Бұл мәселені біз жаңа жатақханалар салу арқылы шешуге болады. Егер біз тездетіп, жаңа жатақханаларды пайдалануға бермесек, орын тапшылығы арта береді. Осы мақсатта жылдың аяғына дейін 43 жатақхананы пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Нәтижесінде 10387 орын тапшылығын жаба аламыз», – дейді Саясат Нұрбек.

Министрдің айтуынша ең үлкен орын тапшылығы Алматыда тіркелген. Бұл қалада студенттерге 8 мыңдай орын, ал Астанада 6,5 мың орын жетпейді. Сонымен бірге Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласында да орын тапшылығы бар. Қалған 14 өңір бойынша тапшылық жоқ десе де болады.

«Сонымен бірге өткен жылы жұмыс жүргізіп, Білім туралы заңға өзгеріс енгіздік. Оған сәйкес оқу орындарына студенттерді 100 пайыз жатын орынмен қамтамасыз ету міндеті жүктеледі. Студенттерді қабылдайтын хостелдер тиісті лицензиясы болмаса жұмыс істемейді. Орын тапшылығын азайту мақсатында біз академиялық инфрақұрылымға жеке секторды тартып жатырмыз. Бұл мемлекет жүктемесін айтарлықтай азайтады. Алдағы уақытта бизнес секторы жатақханалардың құрылысы мен реконструкциясына белсенді түрде атсалыса бастайды», – деді ол.

Еске сала кетсек, Алматыда хостелде өрт шығып, құтқарушылар оқиға орнынан 13 адамның мәйітін алып шықты. Төтенше жағдайлар министрілігі олардың көміртек газдан тұншығып қаза болғаны жайлы хабарлады. 

Кейін бұл хостелдің заңсыз орналасқаны белгілі болды.

Сондай-ақ оқыңыз