Қазақстан Еуропаға жүк жеткізудің балама жолын тапты
Еуропа елдері арасында орналасқан өткізу пунктерінің Қазақстанға әсері /@KZgovernment
Беларусь және Еуропа елдері арасында орналасқан 13 өткізу пунктінің 8-і және Ресей мен Финляндия арасындағы барлық 8 өткізу пункті жабық тұр. Осының теріс салдары Қазақстанға тиіп жатыр.
Сейсенбі күні Үкімет отырысында Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев Беларусь ақпаратына сүйеніп, еропалық пунктер жалпы қуатының 40 %-мен ғана жұмыс істеп жатқанын жариялады.
«Бұл жағдай қазақстандық автокөлік құралдарының Беларусь және Литва, Латвия шекараларында ұзақ уақыт тоқтап тұруына әкеліп соғуда.
Сондықтан жүктерді Еуропаға жеткізудің балама жолы ретінде Түркіменстан мен Иран елдерімен еркін транзитті қамтамасыз ету мақсатында келіссөз жүргіздік. Бұл бағыттағы жүк тасымалының құны мен жеткізу мерзімі артатынын атап өткен жөн. Алайда аталған бағыт санкциялық жүктерді тасымалдауға, сондай-ақ Еуропа елдері Ресей мен Беларусиядағы шекараны жауып тастаған жағдайда бірден-бір балама маршрут болып табылады», – деді Көлік вице-министрі.