АЭС құрылысына қажет қаржы Ұлттық қордан алынуы мүмкін

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
АЭС құрылысына Ұлттық қордан қаржы алынуы мүмкін. Фото: shutterstock

«Самұрық-Қазына» қоры Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясының құрылысына қаржы тартудың жолын қарастырып жатыр. Оның қатарында станция құрылысын Ұлттық қор есебінен қаржыландыру бар. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» холдингінің стратегия және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры Ернат Бердіғұлов мәлімдеді.

«Қазір бұл мәселені жан-жақты талдап, әртүрлі нұсқаны қарастырып жатырмыз, соның ішінде негізгі екі нұсқа бар. Біріншісі, мемлекет немесе компания ретінде ақшаны өзіміз табамыз. АЭС құрылысына қажет қаржының кем дегенде 20-30 пайызын өзіміз тауып, қалғанын қарызға алып, бұл жобаны жүзеге асырамыз. Екінші нұсқа – қажет қаржыны толығымен үшінші тараптан қарызға алып, оны электр энергиясының тарифі арқылы өтеу», – деді ол Курсивке.

Бердіғұловтың айтуынша, «Самұрық-Қазына» екі нұсқа бойынша да қажет қаржы мен шарттарды есептеп жатыр.

«Қазіргі кезде қаржы тапшылығын бастан кешіріп жатқанымызды ескере отырып, ең дұрысы, қаражатты неғұрлым қисынды және дұрыс пайдалану үшін өзге елден инвестиция тарту болар еді. Сондықтан біз де осы нұсқаны зерттеп жатырмыз. Тиісінше, инвестиция тариф арқылы қайтарылады», – деді Бердіғұлов.

Мемлекеттік холдингтің басқарушы директоры көптеген халықаралық қаржы институты мен компания атом электр станциясының құрылысына несие бере алатынын, бірақ «Самұрық-Қазына» да өз үлесін қосуы керек екенін айтады. Ол үшін холдингтің еншілес компаниясы  – «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС жарғылық капиталын АЭС құрылысына қажет қаржының 20-30 пайызына дейін жеткізу керек.

Ол ҚАЭС капиталы «Самұрық-Қазынаның» жеке қаражаты есебінен де, Ұлттық қор есебінен де толықтырылуы мүмкін екенін айтты.

Оған қоса, Қазақстандағы алғашқы атом электр стансасын салуға өтінім берген компаниялардың бәрі бірдей жобаны қаржыландыруға дайын емес.

«Әзірге нақты шешім жоқ (Қазақстандағы АЭС құрылысын қаржыландыру схемасы туралы. – Курсив). Біз азды-көпті бар нұсқаларды өз арамызда пысықтауымыз керек. Екіншіден, біз қабылдайтын кез келген нұсқа оны жүзеге асыратын серіктесімізбен келісілуі керек. Кейбір серіктестер, мысалы, EPC-мердігер ретінде қатысса, ал кейбір серіктестер электр станциясының тең құрылтайшысы ретінде жарғылық капиталға қатысқысы келуі мүмкін», – деді ол.

Жақында ресейлік «Росатом» мемлекеттік корпорациясы Қазақстанда жалпы қуаты 2400 МВт дейінгі 3+ буынды ядролық реакторлары бар екі атом электр станциясын салып беруді ұсынған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет АЭС салудың маңызын атап өтіп, 2022 жылы жазда шетелдік инвесторлар кеңесінің 34-ші пленарлық отырысында  Қазақстанда АЭС салынатын жер анықталғанын айтты.

2022 жылдың 13 маусым күні, сол кездегі Энергетика министрі Болат Ақшолақов атом электр станциясының Алматы облысындағы Үлкен ауылы маңында салынатынын жария еткен болатын.

Ал, 2023 жылдың 13 шілдесінде «Самұрық-Қазына» қорының төрағасы Нұрлан Жақыпов Қазақстанда атом электр станциясының құрылысын жоспарлауда біршама қиындықтар бар екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, елде АЭС салу үшін бірінші кезекте мол көлемде су қажет.

«Қазақстанда атом электр стансасы бола ма, жоқ па, шешім шығаруға бірнеше фактор әсер етеді. Осы мәселелерді шешіп алған соң ғана біз, қай өндіруші немесе сатушымен құрылыс бастайтынымызды айтатын боламыз. Ал әзірше бұл мәселеде сұрақтар көп. Біріншіден атом электр стансаларының орналасатын жерін анықтау керек. Құрылыс басталатын жерін анықтап барып, шешім қабылдауымыз керек. Өйткені құрылысқа қатысты су және экология сияқты бірқатар талап бар»,  – дейді Жақыпов.

Тамыз айында АЭС салу бойынша Үлкен ауылындағы алғашқы қоғамдық талқылау өтті. Онда көпшіліктің пікірі екіге жарылды.

Одан кейін Қазақстандағы АЭС-ті Ресей, Корея немесе Франция елдерінің компаниялары салуы мүмкін екені хабарланды. Бұл жайлы Энергетика министрлігінде өткен Отын-энергетикалық кешен мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңесте айтылған.

Атап айтқанда, әлеуетті жеткізушілер ретінде «CNNC» (ҚХР, hpr-1000 реакторы), «Росатом» (РФ, ВВЭР-1200, ВВЭР-1000 реакторлары), «KHNP» (Оңтүстік Корея, APR-1400 реакторы) және «EDF» (Франция, epr1200 реакторы) компаниялары қарастырылып жатыр.

Егер АЭС салынатын болса, шамамен 2034 жылы іске қосылады. Бұл болжамды «Қазақстандық атом электр станциялары» АҚ Бас директоры Тимур Жантикин айтты. Оның айтуынша, Қазақстанда АЭС салуға 15 млрд доллар қажет.

Сондай-ақ оқыңыз