Тоқаев өз атынан QAZAQ TILI Endowment қорына 7 млн теңге жарна аударды

Жарияланды
QAZAQ TILI қоры

QAZAQ TILI қоры жиналған қаражатты инвестицияға салады / Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев QAZAQ TILI Endowment қорына жеке жарна аударды. Бұл турады Bilim Media Group директоры Рауан Кенжехан хабарлады.

«Тіл жанашырларынан, қазақ қауымынан сүйінші сұрар ретім бар. 12 қазан күні Президенттің қабылдауында мемлекеттік тілді дамытуға арналған эндаумент қорын құруды ұсындым. Мемлекет басшысы ұсынысты қолдаған еді. QAZAQ TILI Endowment қорын құру, тіркеу, рәсімдеу шаралары жақында аяқталып, бүгін Қасым-Жомарт Кемелұлы сол қорға бірінші болып 7 миллион теңге көлемінде жеке жарна аударды», – деп жазды өзінің әлеуметтік парақшасында Кенжехан.

QAZAQ TILI Endowment қоры мемлекеттік тілді қолдау және дамытумен айналысатын еліміздегі ең ірі ұйым – «Қазақ тілі» қоғамының тұрақты әрі ұзақмерзімді дамуымен айналысады. Ал қорға жиналған қаражат жұмсалмайды, ол инвестицияға құйылады.

«Эндаумент қорының ерекшелігі – қорға жиналған қаржы жұмсалмайды. Қордағы қаражат басқаруға беріледі және инвестицияға құйылады. Инвестициялық қызметінен түскен табыс «Қазақ тілі» қоғамының жарғылық міндеттеріне жұмсалады», – дейді Рауан Кенжехан.

Әлем елдерінде білім беру мен әлеуметтік бағытта жұмыс істейтін қоғамдық ұйымдардың тұрақты әрі ұзақмерзімді қызметін қамтамасыз ету үшін эндаумент қорын құру тәжірибесі кең таралғанын атап өткен Bilim Media басшысы Жапония мен Батыс елдерінен бірнеше мысал келтірді.

Оның айтуынша, Жапониядағы ғылым мен технология қоры, сонымен қатар, Стэнфорд, Гарвард университеттерінің қорлары дүние жүзіндегі ең ірі эндаумент қорларының қатарына кіреді. Сондай-ақ ол Қазақстанда да ірі университеттер, мектептер мен коммерциялық емес ұйымдардың эндаумент қорлары сәтті жұмыс істейтінін алға тартты.

Ал жаңадан құрылған QAZAQ TILI Endowment қорын беделді қоғам қайраткерлері, ғалым-лингвистері мен мемлекет өкілдерінен құралған тәуелсіз қамқоршылар кеңесі бақылайтын болады.

«Мемлекет басшысы «Қазақ тілі» қоғамына қазақ тіліндегі медиа және баспа контентін көбейту үшін нақты жобалар мен шаралар кешенін жүзеге асыру, тілді оқыту мен үйрету әдістемесін жетілдіру, оқу сауаттылығы мен жазу мәдениетін дамыту, сонымен қатар, қазақ тілін қолдау мен тілді қолданатын қауымдастық аясын кеңейту мақсатында заманауи технологиялық шешімдерді кеңінен пайдалануды тапсырды. Президент көрсеткен үлгіні ел азаматтары, тіл жанашырлары, кәсіпкерлер кеңінен қолдайды деп сенеміз», – деді Кенжехан.

Сөз соңында ол Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ана тіліне деген «адал азаматтық ұстанымы мен көрсеткен зор құрметі үшін» алғысын білдірді.

Еске сала кетсек, Президент сонымен бірге орыс тілін халықаралық деңгейде қолдауға да атсалысып жатыр. Жақында ғана ол орыс тіліне қатысты халықаралық ұйым құру бастамасын көтеріп, ТМД елдері халықтарының тілдері мен орыс тілінің үйлесімді әрі теңгерімді дамуын көздейтінін мәлімдеді.

Ғылым министрлігі қыркүйек айының соңында орыс тілін қолдайтын халықаралық ұйым құру туралы жарлық жобасын ашық талқылауға шығарған болатын. Жоба ратификациядан өткен соң, оны жүзеге асыруға мемлекет қазынасынан қаржы бөлінеді.

Ал 18 қазанда Президент ТМД елдері аясында орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйым құру жөніндегі келісімге қол қойды.

ТМД елдерінде 2023 жыл орыс тілі жылы болып жарияланды. ТМД Атқару комитетінің мәліметінше, бұл тілде дүние жүзінде 250 млн адам сөйлейді. Орыс тілі – БҰҰ-ның алты ресми тілінің бірі. 

Сондай-ақ оқыңыз