Шымкентте газдан уланып, бір отбасының 5 адамы қайтыс болған: шаһар басшысы әр үйді газ инспекциясы тексеретінін айтты

Жарияланды
газ инспекциясы
Газ инспекциясы құрылып, Шымкенттегі үйлерді тексереді / Фото: kursiv.media

Шымкент қаласының Ынтымақ-2 ауданында бір отбасының 5 адамы газдан уланып, қайтыс болған. Бұл жайлы Орталық коммункациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков айтты.

«Шымкент қаласының Ынтымақ-2 ауданында бір отбасының уланып қайтыс болғаны туралы ақөпарат жеткені еді. Қалада мұндай оқиғалардың алдын-алу үшін қандай шаралар жүзеге асырылып жатыр?»- деп сұрады журналист брифинг барысында.

Шаһар басшысы бұл оқиғадан хабары бар екенін жеткізді. Тіпті оқиға орнына барып, мәселенің мән-жайымен жеке танысыпы қайтқан.

«Өкінішке қарай қаламызда осындай қайғылы оқиға болды. Бір отбасының бес адамы бірден қайтыс болып кетті. Мен оқиға орнына барып, жақындарының қайғысына ортақтасып, жағдаймен жеке таныстым. Алматыда болған қайғылы оқиғаның соңын ала біздің қаламыздың тұрғындары да үлкен қайғыға ұшырады. Осы жағдайлардан соң мұндай оқиғаларды болдырмау мақсатында нақты іс шаралар жүргізуге кірісіп кеттік. Қаламызда арнайы мекеме құрылады. Ол мекеме әр үйге кіретін газ құбырларының жұмысын тексереді»,- деді әкім.

Шымкент қаласы әкімінің айтуынша, қазіргі таңда үйлерге газ жеткізу ісінде олқылықтар бар. Мердігер компаниялар көп жағдайда қауіпсіздік талаптарын орындамайтынын айтқан ол, енді олардың жұмысын газ инспекциясы қадағалайтынын жеткізді.

«Басты газ құбырын мемлекеттік компания қалаға жеткізіп береді. Бірақ одан кейінгі жұмыстарды жеке мердігер компаниялар атқарады. Үйлерге тікелей газ тартумен айналысатын сол жеке компаниялар. Бірақ ол мердігерлердің кейбірі заң талаптарына сай жұмыс істемейді. Салдарынан осындай қайғылы оқиғалар болып жатады. Сол үшін біз арнайы мекеме құрып, 30-ға жуық газ инспекторларын жасақтауды жоспарлап отырмыз»,- деді қала басшысы.

Жиын барысында қала басшысы жыл соңына дейін 1 миллион 75 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілетінін де айтты. Халық санының қарқынды өсуіне байланысты баспанаға деген қажеттілік артқанын айтқан ол, қалада 51 мыңнан астам халық әлеуметтік, 175 мыңға жуық азамат кредиттік тұрғын үй кезегінде тұрғанын атап өтті. Осы мәселені шешу үшін 4 мың пәтерлі 100 әлеуметтік тұрғын үйдің құрылысы жүргізілген.

«Жұмысшы жастарға және халықтың әлеуметтік осал топтарына 1 мыңнан астам пәтер береміз. 201 азаматқа қайтарымсыз негізде тұрғын үй сертификаттары табысталды. Әлеуметтік тұрғын үй алушылар санатына енбейтін азаматтар да назардан тыс қалмайды. Жергілікті «Қамқор» тұрғын үй бағдарламасы аясында 150 отбасыға жеңілдетілген несиелер берілді. Бұл бағдарлама өз жалғасын табады», – деді қала әкімі ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.

Еске сала кетсек, жақында ғана Алматы қаласының хостелдерінің бірінде өрт болып, 13 адам қайтыс болды. Өрт кезінде 59 адам эвакуцияланған.

Қайтыс болғандардың арасында төртеуі – шетел азаматтары. Екеуі Ресей азаматы болса, екеуі Өзбекстан тұрғындары.

Қасым-Жомарт Тоқаев қайғылы жағдайға кінәлілер заң бойынша жауапқа тартып, Зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсетуді тапсырды.

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов та қаза тапқан азаматтардың жақындары мен туған-туыстарына көңіл айтты. Ол Үкіметтің қайғылы оқиғаның себептерін анықтау үшін бүкіл шараларды қабылдайтыны мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз