Тимур Құлыбаев KazEnergy қауымдастығының төрағасы қызметінен кетті

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің редакторы

Фото: kursiv.media

Экс-президенттің күйеу баласы Тимур Құлыбаев тағы бір маңызды қызметінен кетті. Ол 2005 жылдан бері басқарған KazEnergy Қазақстан мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдары қауымдастығының төрағасы қызметін босатты.

KazEnergy қауымдастығының жаңа төрағасы болып «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев сайланды. Бұл туралы қауымдастықтың баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл шешім 8 қарашада Алматы қаласында өткен «KAZENERGY» Кеңесінің отырысында қабылданған.

Құлыбаев 2022 жылдың ақпанында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы қызметінен кеткен еді. Ол ҰКП-ны 2010 жылдан бері басқарып келген.
Бір айдан кейін «Газпром» ЖАҚ тәуелсіз директоры қызметінен кетті. Ол 2011 жылдан бері ресейлік газ монополиясының директорлар кеңесі құрамында болған,

Тимур Құлыбаев Қазақстандағы ең бай бизнесмендер тізімінде үшінші орында тұр. Кейінгі бір жылда оның компанияларына мемлекет тарапынан көптеген кіна-талап қойылды. Қыркүйек айының басында Құлыбаевтың бақылауындағы «ТЭК-Қазақстан» сауда үйі локомотив техникасы нарығындағы үстем жағдайын теріс пайдаланғаны үшін 1,6 млрд теңге айыппұл төледі. Сондай-ақ Бас көлік прокуратура 2001 жылы «Қазақстан темір жолы» АҚ қоймалары жекешелендіріліп, нәтижесінде олар Құлыбаев компанияларының меншігіне өтіп кеткенін даулап жатыр.

Жұбайы Динарамен бірге иелік ететін «Халық банктің» 69,5% және «Алтын банктің» 40% акцияларынан бөлек, Құлыбаевқа «Қамқор Менеджмент», PetroRetail (QazaqOil жанармай құю станциялары желісі), SilkwayTransit, PTC Holding, Petrolex Group акциялары, Астана мен Қазақстанның өзге қалаларындағы коммерциялық жылжымайтын мүлік тиесілі.

Сондай-ақ оқыңыз