Атырау тұрғындары сусыз қалды

Жарияланды (жаңартылды )
Фото:shutterstock

Желтоқсанның 9-нан 10-на қараған түні Жайық өзеніне мұз қатуына байланысты Атырау тұрғындары сусыз қалды.

«9 желтоқсан сағат 23:30-да «Атырау облысы Су арнасы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны Жайық өзенінде мұз қатып, ағыс жылдамдығы төмендеуіне байланысты қалаға су беруді тоқтатты», – деп хабарлады «Атырау облысының Су Арнасы» баспасөз қызметі.

Су беру жүйесіндегі ақауды жою жұмыстары жүргізіліп жатыр. 10 желтоқсан таңғы сағат 4:30-да қалалық желілерге су авариялық жағдайды болдырмау үшін төмен қысымда берілді. Бірақ «Атырау-Мақат» магистральдық құбыры бағытында Береке шағын ауданына (9 қабатты үйлер), Көктем, Жұлдыз – 3, Теңдік, Ақсай-1, Ақсай-2 шағын аудандарына техникалық себептерге байланысты су беру тоқтатылды.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаевтың төрағалығымен осы жағдайдың мән-жайын анықтайтын арнайы комиссия құрылды.

«Қаланың су қабылдағыш құрылыстарын іске қосу үшін барлық қажетті шара қабылдануда. Мұз кептелістері жойылған соң су жүйелі түрде берілетін болады»,– делінген хабарламада.

Айта кетейік, бүгін Екібастұз жылу электр орталығында апат болды деп хабарладық.

Сонымен қатар, Балқашта жылу желілерін жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз