«Кармет» кеншілерін бопсалап келген қылмыстық топ құрықталды
Қылмыстық топ Абай ауданына қарасты теміржол станциясының жүктерін ұрлаған / Фото: kursiv.media
Қарағанды кеншілерінен ақша бопсалаған қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
«Қарағанды облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы прокуратураның үйлестіруімен «Қармет» кеншілерінен қорқыту, моральдық және физикалық қысым көрсету арқылы ақша бопсалаумен айналысқан қылмыстық топтың мүшелерін ұстады», – делінген ІІМ хабарламасында.
Полиция жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп, нәтижесінде бұл қылмыстық топтың осындай 15 фактіге қатысы бар екенін анықтаған. Сонымен бірге 15-ке жуық тінту іс-шаралары жүргізіліп, нәтижесінде тіркелмеген атыс және суық қару түрлері, сондай-ақ оқ-дәрілер мен діни әдебиеттер тәркіленген. Қазіргі таңда қылмыстық топқа қатысы бар 10 адам ұсталған. Оның ішінде топтың көшбасшысы мен ең белсенді мүшелері бар.
Құрықталған қылмыстық топ қару қолданып, түрлі криминалдық жанжалдарға қатысқан. Сонымен бірге Қарағанды облысының Абай ауданына қарасты теміржол станциясының жүктерін ұрлаған.
«Қазіргі уақытта қылмыстық топ мүшелерінің басқа да осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде. Қылмыстық іс Қарағанды облысы полиция департаменті тергеу басқармасымен тергелуде. Қылмыстық процеске қатысушылардың мүдделері үшін сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басқа мәліметтері жария етілмейді», – дейді ҚР ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.