Шибөрілер: депутат есірткінің заңсыз айналымына полиция қызметкерлерінің қатысы бар екенін айтты
Мәжіліс отырысында депутат Снежана Имашева есірткінің заңсыз айналымына полиция қызметкерлерінің қатысы бар екенін айтты.
Қоғамда есірткі мафиясын жою мүмкін емес деген пікір қалыптасқанын айтқан депутат бұл қылмыспен күресу өте қиын екенін айтты. Халықаралық және трансұлттық бұл қылмысқа кей тұстарда полицияның қатысы барын айтты.
«Полиция қызметкерлерінің өздері есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар екендігі бәрімізді ашуландырады. Нашақорлықпен күресушілердің өздері оған көмектесетіні ешкімге құпия емес. Осы жылы есірткі заттарын сатқаны және сақтағаны үшін құқық қорғау органдарының 11 қызметкері мен әскери қызметшілері ұсталды. Бұл көші-қон полициясының қызметкерлері, полиция департаменті есірткіге қарсы басқармаларының басшылары мен жедел уәкілдері, ұйымдасқан қылмысқа қарсы басқармасының, түзеу мекемесінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері»,- деді депутат.
Депутат өз міндетіне қарсы жұмыс істейтін мұндай жандарды шибөрілоерге теңеді және оларды жауапқа тартуда қаталдық қажеттігін айтты.
«Мұндай фактілерге үзілді-кесілді жол берілмеу керек және сыбайлас жемқорлық жағдайы сияқты, мұндай шибөрілердің басшылары да жауапқа тартылуы немесе қызметінен босатылуы қажет. Есірткі тұтыну мен есірткі қылмысының өсуі жағдайында толыққанды күрес жүргізу үшін барлық мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам өкілдерінің үйлесімді іс-қимылдары, сапалы нормативтік құқықтық база және әлемдік қоғамдастықтың күш-жігерін біріктіру қажет екенін атап өткім келеді»,- деді депутат.
Осы орайда елімізде нашақорлық пен есірткі қылмысының алдын алу нашар жүргізілетінін де атап өтті. Әсіресе ең үлкен қауіп синтетикадан келіп жатқанын айтты. Есірткінің осы түрін қадағалау да, алдын алу да қиын. Өйткені бұл есірткі түрі арзан әрі қол жетімді және оның негізгі тұтынушылары жастар. Балалар мен жасөспірімдерде тәуелділік алғашқы қолданудан кейін пайда болады, салдары өте қайғылы екені айтады Имашева.
«Нашақорлықтың алдын алумен барлығы және аз-аздан, мектептер, медициналық ұйымдар, полиция қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдар айналысады. Есірткіге қарсы іс-шаралар жүйелі түрде жүргізілмейді және бұл іс-шаралардың бірыңғай жоспары да, бірыңғай үйлестірушісі де жоқ. Қазіргі уақытта мектептер мен колледждерде кәмелетке жетпегендердің істері бойынша инспекторлары жоқ. Ал бір реттік дәрістерді аудай жетіспейтін полиция қызметкерлері оқиды. Мысалы, бүкіл елордада осындай екі-ақ қызметкер бар»,- дейді ол.
Депутаты Қазыбек Иса да есірткінің таралуында полиция қызметкерлерінің үлесі көп екенін айтты.
«Құқық қорғау органдарының есірткі сатып жатып ұсталуының өзі ақылға сыйымсыз. Тәркіленген есірткі күшейтілген режимде қорғалып, жойылуы керек емес пе? Сонда біз «қасқырға қой бақтырғандай» есірткімен күресуге кімге тапсырып жүрміз?»- деді ол.
Министр полицияның тәкіленген есірткінің сатылмайтынын, 1 грамын ғана полиция тексеруге алып қалғаны жойылатынын жеткізді. Ал мұндай іспен айнадысатын полиция қызметкерлерін сатқын екенін айтты.
«Нашақорлыққа қатысы бар полицейлер сатқындар. Олар мыңдаған адамның жұмысын жоққа шығарып, беделіне кір келтіріп жатыр»,- деді министр.
Сонымен бірге бұл жиында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов елімізде 9 ірі ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталғанын, оның 4-уі трансұлттық ұйымдасқан топ екенін айтты.
Жалпы жыл басынан бері құқық қорғау және арнаулы органдардың бірлескен күш-жігерінің нәтижесінде 14,3 тонна есірткі, соның ішінде 71,5 кг героин, 652 кг синтетикалық есірткі тәркіленді. ІІМ күштері 52 есірткі зертханасын жойып, 85 тоннапрекурсор тәркіледі. Ұйымдасқан қылмыстық топтардың әрекеттері бойынша 37 қылмыстық іс тіркелді. Адам саудасына байланысты 111 қылмыс анықталды.