«Жойылу қаупі аз»: киіктің Халықаралық Қызыл тізімдегі санаты өзгерді
Қазақстандағы киік санының көбеюіне байланысты, 2023 жылдың 11 желтоқсанында Халықаралық табиғат қорғау одағы (ХТҚО) киіктің Халықаралық Қызыл тізімдегі санатын өзгерту туралы шешімге келді. Оған сәйкес ақбөкендер «Жойылу алдында тұрған» санатынан «Қауіп төнуге жақын» санатына ауысады.
Яғни киік «Жойылу қаупі жоғары» санатынан «Жойылу қаупі аз» санатына көшіріледі.
«Жануарлар түрлерін қорғау және санақ жүргізу жөніндегі мемлекеттік шаралар кешені республикадағы киік популяциясын сақтау мен қалпына келтіруде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізуге мүмкіндік берді. 2003 жылы еліміздегі киік саны – 21 мың болса, 2023 жылы Қазақстандағы киік саны – 1 млн 915 мың дараққа жеткен Бұл ҚазКСР кезеңінен берге ең жоғары көрсеткіш», делінген министрлік хабарламасында.
Ақбөкенді қорғау мақсатында, киік мекендейтін жерлер құрылды. 2006 жылдан бастап Қазақстан жалпы ауданы – 5 081 485 га ерекше қорғалатын аймақ құрылған. Мәселен, киіктің бетпақдала популяциясын қорғауға арналған екі аймақ бар. Олар – «Ырғыз-Торғай», «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерваттары. Ал Орал популяциясы үшін «Бөкейорда» резерваты құрылған.
Сол 2006 жылдан бастап Қазақстан, Ресей, Өзбекстан және Түрікменстан арасында киіктің сақталуына, қалпына келтірілуіне және орнықты пайдаланылуына қатысты өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойып, бұл елдерде де киіктің сақталуына жағдай жасалған. Нәтижесінде дүниежүзі бойынша киік популяциясының 98 пайыздан астамы Қазақстанда шоғырланды.
Ескке сала кетсек, ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Андрей Ким киіктің санын азайту туралы шешім қабылданғанын мәлімдеді. Онда ақбөкендердің санын азайту «қарал» тәсілі арқылы жүзеге асырылатыны айтылған. Алайда Үкімет киік санын қолдан азайтуды «қарал» тәсілі бойынша жүргізе алмағандықтан, атуға рұқсат берген. Экология министрі Ерлан Нысанбаев ауа-райының қолайсыздығына байланысты қарал тәсілін жүзеге асыру қиындап кеткенін айтты. Сол себепті Экология және табиғи ресурстар министрлігі 1 қазан мен 15 қараша аралығында киік атуға заңды негізде рұқсат берді.