Бизнес субъектілерінің салықтық есебін 30 пайызға азайту жоспарланып отыр – Президент
Фото: kursiv.media
Елімізде бизнес субъектілерінің салықтық есебін 30 пайызға азайту жоспарланып отыр. Салықтық төлемдер саны кем дегенде 20 пайызға оңтайландырылады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімінде айтты.
«Бизнес пен мемлекет арасындағы қатынастардың жүйелі түрде жаңғыруына қазір әзірленіп жатқан жаңа Салық кодексі ықпал етеді. Атап айтқанда, онда фискальды органдарды әкімшілендірудің сервистік моделіне көшіру мәселесі қамтылады», – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, бизнес субъектілерінің салықтық есебін 30 пайызға азайту жоспарланып отыр. Салықтық төлемдер саны кем дегенде 20 пайызға оңтайландырылады.
«Көлік құралдарына арналған салық бойынша есеп айырысу мен декларация, сондай-ақ жер мен мүлік салығына қатысты жүктеме бір миллион теңгеден аз болса, есеп айырысу алынып тасталады. Кәсіпкерлердің банктердегі шотын бұғаттағанда олардың салық қарызына тең көлемдегі қаржысына ғана шектеу қойылады», – деді ол.
Тоқаев бизнесті дамытудың қазіргі ынталандыру тетігін сақтай отырып, қосымша қолдау шаралары қабылданатынын мәлімдеді. Президент түсінікті және болжамды салық саясаты экономикалық өсімге тың серпін береді деген сенімде.
«Мемлекет бизнестің барлық түрін дамытуға жол ашып отыр. Аса ірі жобалар да, шағын кәсіпкерлер де назардан тыс қалмайды. Әрбір азамат өзінің қарым-қабілетіне және адал еңбегіне сай табыс табуға тиіс. Сондықтан біз бастамашыл әрі іскер азаматтарға әрдайым қолдау көрсетеміз», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент бизнес өкілдері халық алдындағы жауапкершілікті терең сезінуі керек екенін де еске салды.
«Адал азамат өз жағдайын ғана жасамайды. Ол туған ауылының немесе өзі жұмыс істеп жатқан аймақтың қамын да ойлайды. Мұндай кәсіпкерлер көпшіліктің қолдауына және алғысына ие болады. Шын мәнінде, туған елдің ықыласынан артық марапат жоқ», – деді Мемлекет басшысы.