АҚШ Конгресі Ресейдің уранына тыйым салу туралы шешімді мақұлдады
Заң мақұлданса, уранға тыйым 2040-шы жылға дейін жалғасады / Фото: kursiv.media
АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасы Ресей Федерациясынан тасымалданатын уранға тыйым салу туралы шектеуді мақұлдады.
Бұл шешімді екі партияның да тараптары қолдаған. Құжат заңды күшіне 90 күннен кейін енеді. Оған сәйкес төмен байытылған уранға тыйым салынады. Конгерстің бұл шешімін енді АҚШ Сенаты мен президенті Джо Байден мақұлдауы керек.
Тыйым 2040 жылдың соңына дейін жалғасады. Алайда ядролық реакторлардың жұмысын қамтамасыз ететін уранның басқа көздері табылмаған жағдайда, бұл тыйымды алып тастауға мүмкіндік бар. Оған рұқсатты АҚШ Энергетика министрлігі Мемлекеттік хатшы және Қазынашылық хатшысымен келісе отырып бере алады.
Америка Құрама Штаттары электр станцияларында қолданылатын уранның көп бөлігін импорттайды. АҚШ Энергетика министрлігінің Энергетикалық ақпарат басқармасының мәліметтері бойынша, жеткізілімдердің шамамен 12%-ы Ресейге тиесілі. Ядролық энергетика жөніндегі министрдің көмекшісі Кэтрин Хафф осыған дейін АҚШ-тың ресейлік ядролық отынға тәуелділігі ұлттық қауіпсіздікке үлкен қауіп төндіретінін айтқан.
Еске сала кетсек, Ресей уранына санкция салынбағанына қарамастан, жақында Санкт-Петербург порттарынан Америка Құрама Штаттарына ядролық отынға сақтандырудың жоқтығына байланысты және гесояси жағдайлар аясында экспорт тоқтап қалғаны туралы хабарланған болатын. Сол себепті де бұл шешім өз кезегінде әлемдегі уранның бағасына әсер етуі мүмкін.
«Курсив» осыған дейін уранға сұраныс ұсыныстан асып түсуі мүмкін екенін, бағалардың 12 жылда максимумға жеткені туралы жазды. Financial Times басылымы дерегінше, атом энергетикасы құрылысы күрделі, жүзеге асыру мерзімі ұзақ, құны жоғары сала. Сонымен қатар қауіпсіздік жағы да өте үлкен мәселе. Соған қарамастан оның келешегі зор.