12 жылдық антирекорд: Қазақстанда 1,1 млн адам кедейлік шегінде өмір сүреді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
бедность
Фото: shutterstock; freepik

Фото: kursiv.media

Айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен (кедейлік шегі) қазақстандықтардың саны көпжылдық рекордты жаңартты. 2023 жылдың ІІІ тосанында бұл көрсеткіш екінші тоқсанмен салыстырғанда біршама өскен. Бұл көрсеткіш 2011 жылдан бергі антирекорд болып отыр.

ҰСБ дерегіне сүйенсек, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 2023 жылғы III тоқсанда 5,6% болған. Яғни, айлық табысы жан басына шаққанда 51 750 теңгеден аспайтындар қатары 1,1 млн адамға жеткен.

2023 жылғы III тоқсанында кедейлердің қатары Түркістан облысында (9,6%) көп болса, ал Қарағанды облысы және Астана қаласында (2,7%-дан) аз. Аймақтар бойынша кедейлік деңгейі Жетісуда 1,6 пайыздық тармаққа айтарлықтай өсіп, 9,3%-ға жеткен.

Соңғы рет бұл көрсеткіш пандемия дағдарысы кезінде жоғары болған: яғни 2020 жылдың үшінші тоқсанында 5,7% құраған.

Кедейлік қаупіне үй шаруашылықтарының көлемі қатты әсер етеді. Осылайша, адам саны 5-тен асатын отбасылардың арасында кедейлік деңгейі 2023 жылғы III тоқсанының қорытындысы бойынша 10%-ды құраған, бұл жалпы кедейлік деңгейінен 2 есе артық.

Мамыр айында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Кедейлік шегінің мөлшерін анықтау туралы» бұйрығы шықты. Соған сәйкес 2023 жылғы 1 шілдеден бері кедейлік шегі алдындағы тоқсан үшін есептелген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ын құрайды. 

Сондай-ақ оқыңыз