Алматы метросында биометриялық төлем жүйесі енгізілді

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
метро
Алматы метросында биометриялық төлем жүйесі енгізілді / shutterstock; t.me/almaty_akimat

Алматы метрополитенінде пилоттық режимде Face Pay сервисі іске қосылды. Енді метроға жол ақысын бет бейнесін көрсету арқылы төлеуге болады. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады

Әкімдіктің хабарлауынша, бет бейнесін тану технологиясының көмегімен жол ақысын төлеу Алматы метрополитенінде пилоттық режимде іске қосылған. Әзірге жүйе Face Pay терминалы орнатылған «Абай» және «Б.Момышұлы» станцияларында жұмыс істейді. Әкімдік жобаны Halyk Bank-пен бірлесіп іске қосқан.

«Қызметті пайдалану үшін Halyk мобильді қосымшасы арқылы «төлем» бөлімінде Face Pay-ге қосылу керек. Турникеттің алдына «Face Pay арқылы төлеу» деген жасыл жапсырма орнатылды. Сол жерде тұрып, камераға қарау керек. Жол ашылған кезде 100 теңге көлеміндегі төлем банк картасынан алынады»,– делінген хабарламада.

Face Pay – картаны немесе смартфонды қажет етпейтін төлем әдісі. Терминалдар жасанды интеллект негізінде жұмыс істейді және адамның бет бейнесін таниды. Процесс бірнеше секундқа созылады.

Метроның басқа станцияларында төлем жүйесін енгізу кезең-кезеңімен іске қосылады.

Желтоқсан айының басында «Қалқаман» метро станциясының құрылысы 2025 жылы аяқталады деп хабарланған. 2030 жылға қарай «Барлық» базарына дейін тағы үш станция салу жоспарланып отыр.

4 желтоқсанда Алматы метрополитенінде қосымша құрам желіге шығарылып, метро бес минуттық жиілікпен қызмет көрсете бастаған еді.

Алматыда Метро 2011 жылдың 1 желтоқсанында ашылды. Бұл Қазақстандағы алғашқы және жалғыз метрополитен жүйесі. Бүгінде 11 станциядан тұрады: «Райымбек батыр», «Жібек жолы», «Алмалы», «Абай», «Байқоңыр», «Мұхтар Әуезов атындағы театр», «Алатау», «Сайран», «Мәскеу», «Сарыарқа» және «Б. Момышұлы».

Сондай-ақ оқыңыз