Ұлттық банк: Агробанк тәуекел дұрыс анықталып, басқару стратегиясы дұрыс таңдалғанда ғана жұмыс істей алады

Жарияланды
Қазақстанға Агробанк керек пе?/apk-news.kz

Мәжілісте өткен АӨК қаржыландыру жүйесін жетілдіру, оның ішінде жеке екінші деңгейдегі банк, Агробанк құру мәселелері бойынша өткен дөңгелек үстелде Ұ ауыл шаруашылығы саласына мамандандырылған банк құруға қай ведомство акционер болуы мүмкін екенін айтты.

«Ұлттық банк Аграрлық банк құруға қарсы емес», – деп мәлімдеді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин.

Қаржы реттеушісі өкілінің айтуынша, ауыл шаруашылығы банкін құру үшін салмақты шешім қажет.

«Мамандандырылған Агробанк құру мәселесі біраздан бері көтеріліп келеді.
Қазақстанда қаржы институттарының ауыл шаруашылығы саласының мемлекеттік және жеке секторын несиелендіру тәжірибесі болған. Алайда ол сәтсіздікке ұшырады. 2000 жылы «ҚазАгроӨнеркәсіпбанк» банкрот болды.
«ҚазАгро» теріс қаржылық нәтиже көрсетті», – деді Виталий Тутушкин Мәжілісте агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру жүйесін жетілдіруге арналған дөңгелек үстелде сөйлеген сөзінде.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Delta Bank пен Цеснабанктің портфелінде ауыл шаруашылығына қатысты жобалардың үлесі жоғары болғанмен, нәтижесі көңіл көншітпегенін айтты.

«Ауыл шаруашылығы банкін құру үшін салмақты шешім қажет. Мұндай қаржы институты ықтимал тәуекелдер дұрыс анықталып, басқару стратегиясы дұрыс таңдалған жағдайда ғана жұмыс істей алады. Болашақ акционер Агробанктің шығынын көтеруге дайын болуға тиіс», – деді Виталий Тутушкин.

Қаржы реттеушісінің өкілі ауыл шаруашылығы банкі жеке капитал есебінен құрылатынына күмән келтірді.

«Ықтимал акционер Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе квазимемлекеттік сектор болуы мүмкін. Жалпы, Ұлттық банк мұндай шешімнің қабылдануына қарсы емес. Ұлттық банк Аграрлық банк құруға да қарсы емес», – де түйді ойын Виталий Тутушкин.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Агробанк ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелердің барлығын түбегейлі шешпейтінін мәлімдеді.

«Ауыл шаруашылығы саласының мәселесін кешенді түрде шешу қажет.
Сектордың мәселесін жан-жақты қарастырып, тиімді тәсілге жүгінген жөн», – деп қорытты баяндамасын Виталий Тутушкин.

Бұған дейін «Ауыл» партиясының депутаттары аграрлық саланы қаржыландыру мәселесін көтерген. Осы орайда мәжілісмендер Қазақстаға шақырылатын қаржы ұйымдарының біреуі аграрлық банк болуға тиіс деп тұжырымдаған.

Ұлттық банктің қаржы ұйымдарын дамыту департаментінің директоры Батырхан Иралимов бұдан бұрын елімізде жаңа агробанк құру орынсыз екенін айтқан еді.

«Агробанкті құру мәселесі бірнеше рет көтерілген. Ұлттық банк өз ұстанымын айтқан. Ашығын айтқанда салалық банкті құру орынсыз. Практикада мұндай банктер болған. Алайда оның жұмысы сәтті болмаған.Біз барлық қолдау шарасын қолданыстағы даму институттары арқылы мемлекеттік, бюджеттік бағдарламалар шеңберінде іске асыруға болады деп санаймыз. Агроөнеркәсіптік кешеннің тәуекелі жоғары болып саналады. Сондықтан барлық тәуекелді бір банкте шоғырландыру орынсыз», – деген ол.

Сондай-ақ оқыңыз