Еуропа мен Украинаның орталық банктері базалық мөлшерлемеге қатысты шешім шығарды

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің редакторы
Ставки ЕЦБ и Украины

Еуропа мен Украинаның базалық мөлшерлемесі қандай? Фото: kursiv.media

Еуропа Орталық банкі пен Украина Ұлттық банкі негізгі мөлшерлемелер туралы шешім қабылдады. ЕОБ Басқарушы кеңесі үш негізгі пайыздық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырса, ал Украина Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені жаздан бері төртінші рет төмендетті. Бұл жөнінде Еуропа орталық банкі мен Украина Ұлттық банкі хабарлады.

Еуропа Орталық банкінің негізгі қайта қаржыландыру мөлшерлемесі, маржиналдық несие және депозит желісі бойынша сыйақы мөлшерлемесі тиісінше 4,5%, 4,75% және 4% деңгейінде өзгеріссіз қалды. Ұлттық банк базалық мөлшерлемені бір пайыздық тармаққа төмендетіп, 15 желтоқсаннан бастап 15% деңгейінде белгіледі.

«Қарашада Украинадағы инфляция 5,1%-ға дейін төмендеді. Инфляцияның қарқын алу қаупі сақталып тұр, оған елдің батыс шекараларындағы логистикалық қиындықтар әсер етеді», – делінген Украина Ұлттық банкінің сайтындағы хабарламада.

Украина Ұлттық банкі бұл шешім инфляцияның төмендеуі және инфляциялық күтулердің жақсаруы, сондай-ақ ұлттық валютадағы жинақ құралдарының тұрақты тартымдылығы аясында қабылданғанын айтады.

Өз кезегінде ЕОБ президенті Кристин Лагард орталық банк мөлшерлемелерді төмендету мәселесін қарастырып отырмағанын мәлімдеді. Ол егер ақша-несие саясатының іскерлік белсенділікке әсері күткеннен де жоғары болса немесе жаһандық экономикалық конъюнктура күтпеген жерден нашарласа, инфляция тез баяулауы мүмкін деді.

«Қазір инфляцияға қатысты сақ болуымыз керек. Болашақ шешімдер экономикалық көрсеткіштерге байланыс болады», – деді Лагард баспасөз мәслихатында.

EОБ шешімі сарапшылардың болжамдарымен сәйкес келді. Jefferies бас экономисі Мохит Кумардың айтуынша, ЕОБ ақша-несие саясатын ФРЖ-імен салыстыруға келмейді.

«Тарифтерді біраз уақыт осы деңгейде ұстау керек», – деді Кумар.

Сарапшылар Ресейдің орталық банкі бүгін базалық мөлшерлемені бірден 100-200 базистік пунктке көтеруі мұмкін деген болжам жасайды. Сарапшылардың басым бөлігі 100 базистік пунктке көтеріп, 16 пайызға жеткізеді десе, нарық қатысушылары мөлшерлеме бірден 200 базистік пунктке артып, 17 пайызды құрайды деген пікірде.

Қазақстандағы базалық мөлшерлеме

24 қарашада Қазақстан Ұлттық банкінің базалық мөлшерлеменің деңгейі туралы кезекті шешімі жарияланды.

Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1 п.т. дәлізімен жылдық 15,75%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады.

Яғни, Қазақстандағы базалық мөлшерлеме деңгейі Ресеймен соғысып жатқан Украинадан да жоғары болып тұр.

Десе де қаржы нарығының өкілдері Ұлттық банк қаңтар айында базалық мөлшерлеме мәнін одан әрі төмендетеді деген болжам жасайды.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы жүргізген сауалнамаға сәйкес, қаржы нарығы өкілдерінің басым бөлігі (76%) реттеуші 2024 жылы ақша-несие саясатына байланысты бірінші отырысында базалық мөлшерлемені тағы да төмендетеді деген пікірде.

Сондай-ақ оқыңыз