Тоқтар Төлешовтың иелігінен Шымкент әкімдігіне өткен Фосфоршылар мәдениет үйі құлап, бір адам қайтыс болды

Жарияланды
Фосфоршылар сарайының

Шымкенттегі Фосфоршылар сарайының төбесі опырылып түсіп, бір адам қаза тапты / Фото: әлеуметтік желіден

Шымкент қаласында Фосфоршылар сарайының ғимараты опырылып құлап, үйіндінің астында қалған жас жігіт қайтыс болды.

Ғимараттың төбесі жас жігітті жаншып тастаған. Құтқарушылар марқұмның денесін сыртқа шығарды. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Instagram парақшасына жазып, марқұмның отбасына көңіл айтты.

«Өкінішке қарай, бүгін Фосфоршылар сарайында қайғылы оқиға болды. Бірнеше студент сарайға кірген. Алдын ала ақпарат бойынша, жігіттердің бірі екінші қабатқа көтерілген. Онда ішкі құрылымның бір бөлігі құлап, үйінді астында қалған. Арнайы техниканың көмегі және құтқарушылардың күшімен жас жігіттің денесі үйінді астынан шығарылды. Марқұмның отбасына көңіл айтамын», – деп шаһар басшысы.

Бұл ғимарат атышулы кәсіпкер Тоқтар Төлешевке тиесілі болған. 2023 жылғы 13 қарашада ғимарат Шымкент әкімдігінің балансына берілген.

«Оқыс оқиға 18 желтоқсан күні сағат 20:00 шамасында болған. Төтенше жағдайлар департаменті мен басқа да органдар тиісті шараларды қабылдады. Мұнда жастар жиі келеді, жақында мұнда сериал түсірілді. Түрлі бейнеролик түсіретіндер бар», – деді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек.

Оқиға орнынан жергілікті «Отырар» телеарнасы ақпарат таратты.

7 желтоқсанда Астанада Орталық коммуникациялар қызметіне өткен брифингте Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков олигарх Тоқтар Төлешовке тиесілі болған аталған сарай мен оның бақ аумағы қала әкімдігінің меншігіне өткенін мәлімдеген.

«Бүгінгі таңда жеке демеушілердің есебімен ол сарайды жобалау жұмысы басталып кетті. Яғни таяуда реновациялық жұмыс басталады. Сарайдың өзі де, бақ аумағы да жөнделеді. Сатып алу мәселесі жоқ. Нысан қала балансына өтті, – деген еді Шымкен қаласының әкімі.

Ғабит Сыздықбеков әлеуметтік желідегі парақшасына Фосфоршылар мәдениет үйі болашақта Жастар сарайы болатынын хабарлаған.

Сондай-ақ оқыңыз