Шетелдік алаяқтарға телефон арқылы заңсыз байланыс орнатуға көмектескен Қазақстан азаматы ұсталды
ҰҚК қызметкерлері шетелдік алаяқтарға өз қоңырауларын жасыруға көмектесті деген айыппен Қазақстан азаматын ұстады. Оның арнайы құрал-жабдығы мен зиянды бағдарламасын пайдаланып, алаяқтар өз номерлерін қазақстандық номерлерге ауыстырып отырған.
Күдіктіге қандай айып тағылды?
Тергеушілердің хабарлауынша, күдікті шетелдік алаяқтардың шетелден Қазақстан азаматтарына түсетін қоңырауын жасыруға көмектескен.
«Бұл операциялар шетелдік нөмірлерді қазақстандыққа ауыстыратын арнайы құрылғы және зиян келтіретін бағдарламалық қондырғылар пайдалана отыра жүзеге асырылған. Нәтижесінде, күдікті ұлттық байланыс операторларына залал келтіре отырып үстеме пайда алған, ал шетелдік алаяқтар оның қызмет көрсетуін пайдаланып республиканың тұрғындарын алдаған», делінген ҰҚК таратқан хабарламада.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті шетелдік алаяқтар Қазақстан тұрғындарын алдау үшін оның қызметін пайдаланғанын мәлімдеді. Кейінгі үш жылда елімізде 43 миллиард теңгеге жуық залал келтірген 59 мың интернет-алаяқтық оқиғасы тіркелген.
Интернет-алаяқтар қанша шығын келтірді
Былтыр 20 мыңнан аса интернет-алаяқтық әрекеті жасалды. Кейінгі бес жылда ақпараттық технологиялардың дамуына байланысты интернет-алаяқтық саны өсті. 2018 жылы шамамен 4 мың қылмыс тіркелсе, 2022 жылы 20 444 әрекет жасалған.
2023 жылы Интернет алаяқтарға алданған азаматтардың шығыны 3 млрд теңгеге жеткен.
Ал шетелдік интернет алаяқтардың алдауына түскен қазақстандықтар 5,8 млрд теңгеге кредит рәсімдеп, 7 млрд теңге шығынға батқан.