Кәсіпкерлікпен айналысуға құқығы жоқ шенеуніктер арасында 3 ай қатарынан 100 адамнан аударым алғандар бар – МКК
Мемлекеттік кірістер комитеті биыл мемлекеттік қызметшілер және оларға теңестірілген азаматтар, олардың жұбайларының банк шоттарына 2022 жылы түскен аударымдарды тексерген. МКК мәлімдеуінше, осы уақытқа дейін декларация тапсырғандардың арасында банк шотына 100 түрлі адамнан 3 ай қатарынан аударым түскендер анықталғанымен, әзірге ешкімге айыппұл салынбаған. Өйткені оның нақты кәсіпкерлікпен айналысқаны және табысын жасырғаны дәлелденуі керек.
Мобильді аударымдар бойынша бақылау 2023 жылы алғаш рет жүргізілген. Комитеттің ақпаратына сүйенсек, биыл банктерден банктік шоттарына кәсіпкерлік қызметке байланысты ақша түсетін азаматтар туралы мәлімет алынған.
«Бұндай статистика да бар, бірақ ол терең талдауды қажет етеді. Мәселен, бір мемлекеттік қызметші келіншектің туған ағасы таксист болып, оның банк картасын пайдаланғаны анықталды. Бұған дейін декларация тапсырған мемлекеттік қызметшілер да өз картасын басқа тұлғаға пайдалануға беруге болмайтынын білуі керек. Осындай жерде жауапкершілк туындауы мүмкін. Егер аталған азаматтардың ішінде аударымдары шын мәнінде кәсіпкерлік мақсатта алынғаны анықталса, олар міндетті түрде салық төлейді», – деп атап өтті МКК өкілі.
Егер олар кәсіпкер ретінде тіркелмей табыс тапса, онда тапқан табысының 10 пайыз мөлшерінде салық төлеуге тиіс.
«Алдағы уақытта кәсіппен одан әрі айналыса беремін десе, ол өз кәсібін заңдастыруы тиіс. Біз осы бағытта жұмыс жүргіземіз. Жалпы қазіргі кезде жеке кәсіпкерлікті тіркеусіз жүргізгені үшін Әкімшілік-құқық бұзушылық кодекс негізінде арнайы айыппұл қарастырылған. Оның мөлшері 15-100 АЕК көлемінде. Яғни осы аталған азаматтардың бәрі кәсібін жалғастырамын десе, тіркелуі керек деген сөз»,– деді ол.
Жалпы Қазақстанда мемлекеттік қызметшілердің кәсіпкерлікпен айналысуға құқығы жоқ. Егер олардың кәсіппен айналысып, содан табыс тауып отырғаны анықталса, бұл ақпарат олардың жұмыс орнына жолданады.
Бұған дейін Үкімет басшысының орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мобильді аударым жиі жасалғаны үшін кімдер салық төлеуі мүмкін екенін түсіндірген еді.
«Бұл заң былтыр қабылданды. Кәсіпкерлік қызметтің сипаты бар мобильді аударымдарға салық салынуға тиіс. Туысқандар мен әріптестер арасындағы ақша аударымының кәсіпкерлік қызметке қатысы жоқ. Сондықтан мұндай аударымдарға салық салынбайды», – деді ол,
Үкімет басшысының орынбасары басты мақсат – жиі жасалатын ақша аударымдарын фискалдандыру екенін атап өтті. Ал тамыз айында Қазақстанда 2025 жылға дейін мобильді аударымдар үшін кәсіпкерлерге айыппұл салынбайтыны да мәлім болған еді .
Қарапайым халықтың мобильді аударымдары 2026 жылдан бастап қана тексеріледі.
2023 жылдың 1 қаңтардан бері мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген адамдар және олардың жұбайларының банктік шоттары туралы ақпарат алынып қойылған.
2024 жылдан бастап мемлекеттік мекемелердің, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері және олардың жұбайларының 2023 жылғы мобильді аударымдары туралы ақпаратты банктер салық органдарына береді.
2025 жылдан бастап, дара кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары және олардың жұбайларының 2024 жылы жүргізген мобильді аударымдары туралы ақпарат алынады.
Ал 2026 жылдан бастап, заңды тұлғаларға қатысы жоқ, қарапайым халықтың өзге бөлігінің 2025 жылғы мобильді аударымдары туралы ақпарат тексерілетін болады.