Нәпсіні қоздыратын әндер мен шетелдік әншілерге шектеу қою керек. Депутат Аманжол Әлтай Akon мен  50 Cent-ке наразы

Жарияланды (жаңартылды )
Фото:kursiv.media

Жақында шетелдік әншілер Akon мен  50 Cent  Қазақстанға келіп концерт қойған еді.  Әншілердің Алматы мен Астанадағы жанкүйерлері оларға деген ерекше сый-құрмет жасағаны сонша, қымбат билетін сатып алып, үстілеріне шапанға дейін жапты. Тіпті әннің сөзін түсінбесе де, музыкаға еліктеген жастар, әсіресе, қыздар қауымы іш киімдеріне дейін сахнаға лақтырып, Akon-ның өзін таңқалдырды. Жастардың бұл ерсі қылықтарын сынаған жұрттың пікірі парламент қабырғасына дейін жетіп, депутаттар дабыл қақты. Осылайша Парламент Мәжілісінің депутаты  Аманжол Әлтай Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Ә. Смайыловқа депутаттық сауал жолдады.

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтайдың айтуынша, қыз тәрбиесі бұзылса, ұлт тәрбиесі әлсірейді. Депутат ұлттық құндылықтарды табанға таптауға жол бермеу керектігін алға тартты.

«Күні кеше ғана Астанада өткен AKON-ның концертіне байланысты бірнеше аспектілерге тоқталайын. Біріншіден, концерт кезінде жанкүйер жастар әншіге іш киімін лақтырып, төмен моральдық мінез-құлық көрсетті, еліміздің беделіне нұқсан келтірді. Екіншіден, ұлттық өзегі әлсіз, өзгені пір тұтқыш жастар әндердің контекстінде байқалатын гендерлік кемсітушілік мәселесін, қыздардың намысын, абыройын қорлайтын теріс мазмұнын аңғармай есі кетті. Үшіншіден, «smack that»  әнінің мәтінінен эротикалық сипаттағы нәпсіні қоздыруға итермелейтін, сананы лайлап, тәрбиеге теріс әсер ететін қауіпті мазмұнды аңғарамыз», – деді депутат.

Депутат мәдениет және ақпарат министрлігі шетелден елімізге кіретін мәдени өнімдерге, гастрольдік сапармен келушілерге қойылатын нақты талаптар жиынтығын әзірлеу керек екенін айтты.

«Мәдениет және ақпарат министрлігі шетелден елімізге кіретін мәдени өнімдерге, гастрольдік сапармен келушілерге қойылатын нақты талаптар жиынтығын әзірлеуі тиіс. Айғайлағанның бәрі әнші емес! Біздің нормамыз бен ұстанымдарымызға қайшы келетін өнімдерді таратпау үшін шетел әртістерін таңдауда қатаң талаптар сақталсын! Мәдени қауіпсіздіктің сақталуы үшін, елімізде өткізілетін концерттердің біздің ұлттық құндылықтарымызға зияны тимеуі қадағалансын. Оқу-ағарту министрлігі мектеп бағдарламасына «Салт-дәстүр және ұлттық құндылықтар» пәні енгізілсін. Ғылым және жоғарғы білім министрлігі жастар арасында ұлттық тәрбие жұмысын жетілдіруі тиіс», – деді Аманжол Әлтай.

Айта кетейік, қараша айында белгілі әнші 50 cent Қазақстанға келген болатын. Ол Қазақстан жайлы өз ойымен әлеуметтік желіде бөлісті.

«Алматы, Қазақстан керемет болды. Егер сіз «Борат» фильмімен баға беретін болсаңыз, менің не айтып тұрғанымды түсінбейсіз. Мен жаһандық (адаммын – ред.)», — деп жазды әнші.

Алайда репэрдің жазбасын тікелей аударғанда мағынасы мүлдем басқа болады: «Егер «Борат» фильмі болмаса, сіздер менің не айтып тұрғанымды түсінбес едіңіздер». Осы тікелей аударма әсерінен болар, қазақстандықтар оның постының астына жағымсыз комментарийлер қалдыра бастады.

Сондай-ақ оқыңыз