«Болашақ» стипендиясын 167 қазақстандық алды. Олардың көпшілігі техникалық мамандықтар бойынша оқитын болады

Жарияланды
Фото: Болашақ

«Болашақ» стипендиясы 167 қазақстандыққа берілді. Олардың көпшілігі инженерлік-техникалық мамандықтар мен жаратылыстану ғылымдары бойынша білім алады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Ақордада шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның отырысы өтті.

«Болашақ» бойынша қанша адам оқуға барады. Комиссия 167 қазақстандыққа «Болашақ» стипендиясын тағайындау туралы шешім қабылдады. Оның ішінде, 131 адам магистратурада, 4 адам докторантурада оқиды, 32 адам әлемнің жетекші жоғары оқу орындары мен өндірістік орталықтарына тағылымдамадан өтуге жіберіледі.

Стипендиаттардың 65%-ы инженерлік – техникалық мамандықтар және жаратылыстану ғылымдары бойынша, қалған 35%-ы қоғамдық-гуманитарлық пәндер бойынша оқытылады.

«Болашақ» деген не? «Болашақ» халықаралық стипендиясы 1993 жылы ҚР экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылды. Бағдарлама бойынша қазақстандықтар мемлекет есебінен үздік әлемдік жоғары оқу орындарында білім ала алады. Бағдарламаны акционері ғылым және жоғары білім министрлігі болып табылатын «Халықаралық бағдарламалар орталығы» басқарады.

Сондай-ақ оқыңыз