Антикор спорт саласындағы жемқорлық тәуекелдерін тексереді

Жарияланды
Спорт саласындағы жемқорлық
Спорт саласындағы жемқорлық тәуекелдері бойынша қаржыландыру мәселелеріне талдау жүргізіледі / Фото: kursiv.media


Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі спорт саласындағы жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізеді. Бұл жайлы агенттіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Талдау шеңберінде Туризм және спорт министрлігінің, оның ішінде оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының спортты қаржыландыру мәселелері жөніндегі қызметі тексеріледі.

«Бұдан басқа, спорттық іс-шараларды, жиындарды, жабдықтарды, спорттық тамақтануды сатып алуды, шетелдік іссапарларды ұйымдастыруды, сыйақыларды, спорт объектілерін салуды, сондай-ақ спорт федерациялары мен кәсіби клубтарды ұстауды қамтамасыз ететін бюджеттік және бюджеттен тыс көздер зерделенетін болады»,- болады делінген баспасөз хабарламасында.

Бұл талдау агенттіктің, мүдделі мемлекеттік органдардың қызметкерлерімен және азаматтық қоғам өкілдерімен жүргізілмек.

Еске сала кетсек, осыған дейін «AMANAT» партиясының фракция мүшесі, депутат Нартай Сәрсенғалиев Спорт және туризм министрлігінің 775 млн долларды түсініксіз, кей тұста тіпті қазақы түсінікке жат спорт түрлеріне бөлініп жатқанын айтып, Смайыловқа сауал жолдады.

Қыруар қаражат бөлінгенімен 2021 жылы Токиода өткен Жазғы олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасының бар-жоғы 8 қола медаль иеленген. Солайша 92 мемлекеттің ішінде 83-ші орын алған. Осы мәселелерді алға тартқан депутат министрлік бекіткен 180 спорт түрін шұғыл қысқартуды ұсынды.

Депутаттың айтуынша мемлекет басымдық беретін бағыттарда олимпиадалық, ұлттық, одан кейін, пара және сурдолимпиадалық спорттар қалуы тиіс. Сараптама жасап, жүлде әкелетін түрлеріне ғана басымдық беру керектігін айтты депутат.

ҚМА шілде айында мемлекетке 270 млн теңге залал келтірген 21 іс тергеліп жатқанын хабарлады. Тексеріс барысында спорттық-сауықтыру іс-шараларының, нысандардың, құрама командалардың, бұқаралық спорттық іс-шаралардың, федерациялардың рейтингісі мен қауіптері көрсетілген тізбесі қалыптастырылған. Айта кетейік, ашық ақпарат көздерінен алынған мәліметтерге сәйкес, 2019-2023 жылдар аралығында спортты дамытуға шамамен 300 млрд теңге бөлінді.

Сондай-ақ оқыңыз