Кипр Қазақстанда өз елшілігін ашады

Жарияланды
Кипр

Кипр Орта Азиядағы қатысуын кеңейтуді көздейді /Фото: shutterstock

Кипр Қазақстанда өз елшілігін ашу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы осы елдің министрлер кабинетінің өкілі Константинос Летимпиотис мәлімдеді.

Ол Кипрдің Орта Азиядағы қатысуын кеңейтуді көздейтінін айтқан. 

«Министрлер кеңесі бүгін Қазақстан Республикасында Кипр Республикасының дипломатиялық өкілдігін ашу туралы шешім қабылдады», –деді Летимпиотис. 

Ол Кипрдің «сыртқы саясатының негізгі тіректерінің бірі» саналатын Орталық Азия аймағына ерекше мән берілетінін жеткізген. 

«Бізге тікелей немесе жанама әсер ететін аймақтағы оқиғаларда өз сөзімізді айтуға және рөл ойнауға деген ұмтылысымызды ескере отырып, Кипрдің Қазақстанда дипломатиялық қатысуы маңызды болып тұр», – деген министрлер кабинетінің өкілі. 

Желтоқсан айында Қазақстан мен Кипрдің сыртқы істер министрлері Константинос Комбос пен Мұрат Нұртілеу Абу-Дабиде кездесу өткізіп, онда саяси диалогты, сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға мүдделі екендіктерін растады. Министрлер көлік, логистика және туризм салаларындағы ынтымақтастықтың іске асырылмаған әлеуеті жайлы да сөз қозғаған.  Бұл кездесу барысында екі ел арасында тікелей әуе қатынасын орнату бойынша келісімге келген. 

Сондай-ақ оқыңыз