«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына қосымша қызмет көрсету сервисі арқылы табыс табу мүмкіндігі беріледі

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов мәлімдеді.

«Қосымша қызмет көрсету сервисіне дайын нәтижені үйге жедел жеткізу жатады. Екіншісі, заңды тұлғадан адвокат келсе, ол бір емес, бірнеше мәселеге қатысты қызмет көрсетуді сұраса, онымен жұмыс істеуге бірнеше операторды жұмылдыру қажет болады. Жеке тұлғалар кезекте тұрып, уақытын жоғалтпауы үшін заңды тұлғаға ақылы негізде қосымша қызмет көрсету сервисі түрінде жеке менеджер қызмет көрсете алады», – деді вице-министр журналистерге Сенаттың жалпы отырысынан кейінгі кулуарда.

Әсет Тұрысов «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметі осыған дейінгідей тегін болатынын атап өтті.

«Қосымша қызмет көрсету сервисі: жеке менеджер, үйге жедел жеткізу қызметі, көмек түріндегі қосымша тіркеу түрлері, кеңес беру ғана ақылы болады», – деп нақтылады ол.

Вице-министр ақылы негізде атқарылатын қосымша қызмет көрсету сервисін заңды тұлға да, жеке тұлға да пайдалана алатынын айтты.

«Жеке тұлғаларға дайын нәтижені үйге жедел жеткізу қызметіне жүгіну мүмкіндігі берілген. Азаматтар тұрғын үйге, жер теліміне қатысты мәселелер бойынша ақылы кеңес ала алады. Мұның барлығы азаматтың бастамасы мен келісімі арқылы ғана жүзеге асырылады. Жеке тұлғаларға ақылы онлайн сервистер де қолжетімді болады», – деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары.

Әсет Тұрысов тілшілерге «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына қосымша қызмет көрсету сервисі не үшін қажет екенін түсіндірді.

«Біріншіден, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы қызметкерлерінің жалақысын өсіру өзекті мәселе. Екіншіден, онлайн қызмет көрсетудің тиімділігін арттыру қажет. Бұдан бөлек кейде азаматтар ақылы түрде қосымша қызмет көрсету сервисін сұрайды. Бұл бастама қызметкерлеріміздің жалақысын жоғарылатуға және KPI белгілеуге ынталандырады», – деді вице-министр. 

Еске сала кетер болсақ, бұған дейін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ іске асыратын, коммерциялық ұйым саналатын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеу бойынша көрсетілетін қызметтердің бағаларын бекіткені белгілі болған.

Сондай-ақ оқыңыз