534 млн доллар инвестицияланған: «Рожковское» ірі газ кен орны іске қосылды
«Рожковское» кен орны 14,2 млрд текше метр шикі газ, 7,1 млн тонна конденсат алуға мүмкіндік береді / Фото: Үкімет үйі
Премьер-Министр Әлихан Смайылов телекөпір режимінде Батыс Қазақстан облысындағы «Рожковское» ірі газ конденсаты кен орнын іске қосты. Бұл жайлы Үкімет үйі хабарлады.
Өнеркәсіптік пайдалануға берілген бұл орын 2008 жылы кең ауқымды геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде ашылған. 2040 жылға дейін мұнда 14,2 млрд текше метр шикі газ, 7,1 млн тонна конденсат өндіру жоспарланған. Жобаға шамамен 534 млн доллар инвестицияланған. Жер қойнауын пайдалану құқығына «ҚазМұнайГаз» (50%), мажарстандық MOL Group (27,5%), қытайлық Sinopec (22,5%) компаниялары ие.
Бұл кен орнын игеру кезінде Ұлттық қор 501 млрд, жергілікті бюджет 110 млрд теңгеге толығады. Одан бөлек акционерлер өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына кемінде 3,1 млрд теңге бөлуді көздеп отыр. Сондай-ақ жыл сайын келісімшарттағы міндеттемелер аясында қазақстандық кадрларды оқытуға инвестициялар сомасының 1%-ын арнайды.
”Рожковское” кен орны қосымша табиғи газ көзіне айналады. Кен орнында өндірілетін шикізат «Жайықмұнай» компаниясында өңделетін болады. Аталған жоба шетелдік компаниялармен серіктестікте жүзеге асырылып отыр, ол қажетті жобалық шешімдерді дайындау мен қолдану барысында озық халықаралық тәжірибені қолдануға мүмкіндік берді», — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы орта мерзімді перспективада «Орталық Өріктау» (Ақтөбе облысы), «Батыс Прорва» (Атырау облысы) және «Қаламқас» (Маңғыстау облысы) сияқты тағы бірнеше газ жобасы іске қосылатынын айтты. Бұл орындардан барлығы жылына 2 млрд текше метрден астам қосымша газ көлемін өндіруге болады. Бұдан басқа халықаралық компаниялармен бірлесіп, 12 перспективалық геологиялық барлау жобасы бар. Сондай-ақ қолданыстағы кен орындарын қосымша барлау жобасы да пысықталып жатыр. Осы орайда Смайылов елімізде қосымша газ өңдейтін зауыттардың да ашылатынын айтты.
«Мемлекет басшысы 2030 жылға қарай тауарлық газ өндірісінің көлемін 30 млрд текше метрге дейін жеткізу бойынша мақсат қойды. Осыған байланысты «Қашаған» және «Қарашығанақ» кен орындарында, сондай-ақ «Жаңаөзен» қаласында жаңа газ өңдейтін зауыттар салынады», – деді ол.
Өз кезегінде «ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев президенттің тауарлық газ өндірісінің көлемін ұлғайтуды тапсырғанын айтты.
«Мамыр айында «Оңтүстік Ақсай», желтоқсан айының басында «Шығыс Өріктау» кен орнын іске қостық. Осы жылды «Рожковское» кен орнын пайдалануға бере отырып қорытындылаймыз. Жоба Батыс Қазақстан облысының әрі қарай әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етеді», – деді ол.
Бейсенбіде Смайылов Абай облысындағы Бақты – Аягөз жаңа теміржол құрылысын да телекөпір арқылы іске қосқан болатын.