Анголаның ОПЕК-тен шығуы әлемдік мұнай бағасын құлдыратып жіберді
Анголаның Минералдық ресурстар, мұнай және газ министрі Диамантино де Азеведо мұнай экспорттаушы елдер ұйымынан (ОПЕК) шығатындарын мәлімдеді.
Шешім Ангола президенті Жоа Лоуренчоның төрағалығымен өткен министрлер кеңесінің отырысында қабылданды
«Ангола ұйымда қалғаннан ештеңе ұтпайды және өз мүддесін қорғайтын шешім қабылдайды. Біз ОПЕК-ке 2006 жылы өз еркімізбен қосылдық, енді өз еркімізбен шығамыз. Бұл ойластырылып, пысықталып қабылданған шешім», – Диамантино де Азеведо.
Анголаның Минералдық ресурстар, мұнай және газ министрі ОПЕК-ті жаңғырту үшін осыған дейінгі міндеттемелерін мінсіз орындағандарын атап өтіп, ОПЕК-тің мұнай өндіру көлемін шектен тыс төмендету туралы бастамасын қабылдай алмағандарын айтты.
Естеріңізге салайық, қараша айында ОПЕК Нигерия, Ангола және Конго мемлекеттеріне тәулігіне 1,11 млн баррель мұнай өндіру шегін қойды. Ангола бұл талапты орындаудан бас тартты.
Атап көрсетерлігі, Ангола ОПЕК-тен шығатынын жариялағаннан кейін, мұнай бағасы құлдырап кетті. Лондонның ICE биржасында Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 79,03 доллардан төмендеді. Нью-Йорк тауар биржасында WTI мұнай фьючерсі 0,77%-ға арзандап, барреліне 73,65 долларды құрады.
Осыдан 5 жыл бұрын Катар картельден тыс болатынын жариялады. Үш жыл бұрын Эквадор ОПЕК-тен шығып кетті. Индонезия картельден 2009 жылы кетіп, 2016 жылы қайта оралды. Алайда бірнеше айдан кейін ОПЕК-пен қош айтысты.