Қайрат Боранбаевтың мемлекетке қайтарған Астанадағы қонақүйі жұмыс істеп тұр ма?

Жарияланды
Қайрат Боранбаетың Астанадағы қонақүйі жұмыс істеп тұр ма? / коллаж booking.com, olympic.kz, gov.kz

Кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың мемлекет меншігіне өткізген Comfort Hotel Astana қонақүйі қызметін жалғастыра беруі мүмкін. Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек осылай мәлім етті.

Журналист шаһар басшысына бұған дейін Қайрат Боранбаевқа тиесілі болған Comfort Hotel Astana қонақүйі мен Fitnation фитнес-клубтар желісі оңалту және оқу орталығына айналатыны туралы ақпарат тарағанын жеткізіп, бұл іс жүзеге қашан асырылатынын сұрады.

Астана әкімі Fitnation фитнес-клубтар желісінің бас кеңсесі басқа қалада орналасқанын, елордаға Comfort Hotel Astana қонақүйі ғана берілетінін баяндады.

«Comfort Hotel Astana қонақүй кешенін қаланың муниципалдық меншігіне өткізу үдерісі жалғасып жатыр. Осы шаруа шешілгеннен кейін келесі қадамға көшеміз. Қалада Comfort Hotel Astana 3+ жұлдыз санатындағы қонақүй кешені жетіспейді. Сондықтан қонақ үй кешені бұған дейінгі қызметін сақтайтын шығар. Мектепке дейінгі және басқа да мекемелерге, оның ішінде әлеуметтік және оңалту орталықтарына қатысты өзге жоспарымыз бар. Әзірше бұл нысанды әлеуметтік қажеттілікке бейімдеу қарастырылып жатқан жоқ», – деді Жеңіс Қасымбек Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Айта кетейік, Қайрат Боранбаев қазан айында бірқатар мүлкін өз еркімен мемлекет меншігіне өткізді. Ол Мемлекеттік мүлік комитетіне жалпы құны 1,4 млрд теңгеден асатын Comfort Hotel Astana қонақүйін тапсырды. Сол кезде аумағы 5 мың шаршы метрден асатын қонақ үйдің жылдық табысы 900 млн теңгеге жуық екені айтылды.

Мемлекеттің меншігіне айналған мүліктің ішінде Қайрат Боранбаевтың Астана, Алматы, Қостанай қалаларында орналасқан Fitnation фитнес-клубтар желісі де болды.

Қайрат Боранбаев Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы құдасы. Оның қызы Әлима Дариға Назарбаеваның ұлы Айсұлтанға тұрмысқа шығып, ажырасып кеткен.

Биыл 15 қыркүйекте Астана қаласының апелляциялық соты Қайрат Боранбаевтың мүлкін тәркілеп, оны 6 жылға соттады. Ол 2022 жылы наурызда «квазимемлекеттік сектордан ірі көлемде ақша жымқырды» деген күдікке ілінген. Оған QazaqGaz ұлттық компанияның газын сату бойынша келісімнен түскен шамамен 14,6 млрд теңге қаражатты жымқырды деген айып тағылған.

Қазан айында сот Қайрат Боранбаевтың жазасын жеңілдету туралы өтінішін қанағаттандырып, соттылығының өтелмеген бөлігін бас бостандығын шектеуге ауыстырды. Бұған мемлекетке келтірген шығынды өтеп, тергеу органдарымен әріптестік орнатқаны және қамауда болған кезде жақсы жағынан көрінгені негіз болды. 

Қайрат Боранбаев түрмеде екі жыл төрт ай отырды.

Боранбаевтың қылмыстық жолмен алған мүлкі заңдастырылып, мемлекеттік органдар мен компаниялардың балансына берілсе, ақшалай қаражат білім беру инфрақұрылымын дамыту үшін пайдаланылатыны хабарланған еді. Бұл жайлы Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі жариялаған.

Сондай-ақ оқыңыз