Үш адам көз жұмды: Алматыда автобус аялдамада тұрған бір топ адамды қағып кетті
Алматыда қоғамдық көлік бір топ адамды қағып кетті. Полиция оқиғаға қатысты түсінік берді. Бұл туралы Алматы қалалық полиция Департаменті хабарлады.
2023 жылғы 22 желтоқсанда 18 сағат 15 минутта 47-бағыттағы қоғамдық көліктің жолаушысы жүргізушімен жанжалдасып, жүргізушіні ұрып есінен тандырған. Осының салдарынан жүргізуші көлікті басқара алмай қалған.
«Бақылаудан шығып кеткен қоғамдық көлік аялдамада тұрған адамдарды қағып, төрт көлікпен соқтығысты. Оқиға салдарынан үш адам қаза тауып, тағы 4 адам дене жарақаттарын алды. Олар ауруханаға жеткізілді. Қоғамдық көлік жүргізушісін ұрған ер адам ұсталды. Аталған дерек ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.Сараптама тағайындалды. Оқиғаның басқа да мән-жайлары анықталуда», делінген хабарламада.
Айта кетейік, осы бап бойынша ол 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.Ұсталған адам ПД-нің уақытша ұстау изоляторына тоғытылды.
Сондай-ақ Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы науқастардың қазіргі жағдайлары туралы түсініктеме берді.
«Үш ересек адамға жабық бассүйек-ми жарақаты, ми шайқалуы, біреуіне сол жақ жамбас сүйегінің сынығы диагнозы қойылып N7 қалалық клиникалық ауруханаға жатқызылды. Төртінші зардап шеккен 15 жастағы бала сол табан сүйектерінің сынуы диагнозымен N2 қалалық балалар клиникалық ауруханасына жатқызылды. Зардап шеккендерге психологиялық көмекті қосп, барлық қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр», делінген қалалық денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.
ҚР Қылмыстық Кодексi 345-бап. Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы
1. Автомобильдi, троллейбусты, трамвайды не басқа да механикалық көлiк құралын басқаратын адамның жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын абайсызда адамның денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтiруге әкеп соққан бұзуы – белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан екі жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, бір жүз алпыс айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз алпыс сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға не қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтiруге әкеп соққан дәл сол іс-әрекет – белгілi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет – белгілi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет – белгілi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан жеті жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.