Алматы мәслихаты митиң өткізудің шарттарына өзгеріс енгізді
Алматы мәслихаты 2020 жылғы митиң өткізу шарттарына қатысты шешімін өзгертті / Фото: kursiv.media
Алматы қаласы мәслихаты қалада митиң өткізудің шарттарын өзгертті. Тиісті құжат «Ашық НҚА» порталына орналастырылды.
Алматы қаласы мәслихатының шешімімен «Алматы қаласындағы бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды, сондай-ақ арнайы орындарды пайдалану тәртібін айқындау туралы» 2020 жылғы 23 маусымдағы № 462 шешіміне өзгеріс енгізілді.
Оған сәйкес, мәслихат шешімінің 5 тармағы жаңа редакцияда жазылады. Ол: «Заңның 9-бабы 5-тармағында көзделген объектілердің іргелес аумақтарынан кемінде 400 метр арақашықтық шекарамен айқындалсын», – деп өзгертіледі.
Ал Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңның 9-бабы, 5 тармағына сәйкес:
- жаппай жерлеу орындарында;
- теміржол, су, әуе және автомобиль көлігі объектілерінде және оларға іргелес жатқан аумақтарда;
- мемлекеттің қорғаныс қабілетін, қауіпсіздігін және халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымдарға іргелес жатқан аумақтарда;
- Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының резиденцияларына іргелес жатқан аумақтарда;
- қауіпті өндірістік объектілерге және пайдалануы арнайы қауіпсіздік техникасы қағидаларын сақтауды талап ететін өзге де объектілерге іргелес жатқан аумақтарда;
- магистральдық теміржол желілерінде, магистральдық құбыржолдарда, ұлттық электр желісінде, магистральдық байланыс желілерінде және оларға іргелес жатқан аумақтарда тыйым салынған.
Ал 2020 жылғы ескі шешімде аталған орындардан кемінде 150 метр арақашықтық шекарамен айқындалуға тиіс болған. Мәслихаттың жаңа шешіміне сәйкес бұл арақашықтық 400 метрге дейін үлкейтілген.
Бұл шешім 10 қаңтарға дейін талқылауда болады. Ал алғаш ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.