Шекара қызметінің бұрынғы директоры Дархан Ділманов 4 жылға сотталды
Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің бұрынғы директоры Дархан Ділманов 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Алматы гарнизонының әскери соты хабарлады.
«Жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамға қауіптілігін ескеріп, сот Ділмановтың мүлкін тәркілеп, Қылмыстық кодекстің 450-бабы 2-бөлігі (билікті асыра пайдалану) бойынша 4 жылға бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Қазақстан президентіне Дархан Ділмановты «генерал-лейтенант» әскери атағынан, ІІ дәрежелі «Айбын» ордені және «ҚР ҰҚК арадегері» құрметті атағынан айыру туралы ұсыныс енгізіледі», – делінген ақпаратта.
Дархан Ділманов 2022 жылдың 5 сәуірінде Мемлекет басшысының өкімімен Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры лауазымынан босатылды.
Соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, іс бойынша тағы бір сотталушы Қ. Қылмыстық кодекстің 28-бабы 5-бөлігі – 450-бабы, 366-бабы 3-бөлігі 1,2,4 тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға сотталды.
Сотталушы Е. 366-бабы 3-бөлігі 1,2,4 тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, оған 38 млн теңге айыппұл салынды.
Іс бойынша қалған сотталушылар Қылмыстық кодекстің 28-бабы 5-бөлігі – 450-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 3,5 жылдан 5,5 жылға бас бостандығы шектелді. Олардың мүлкі тәркіленбейді.
Барлығы мемлекеттік қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Сот таратқан ақпаратқа сәйкес, сотталғандардың бірі Дархан Ділмановқа жүк өткізу пунктіндегі қылмыстық схема туралы ақпарат беріп, көмек көрсетуі қажет екенін айтқан. Мұндай жағдайда схема сәтті іске асса, табыстың бір бөлігін алатынын білген. Жүктерді өткізу пункті арқылы Қытай Халық Республикасынан Қазақстанға ауыстырып тиеу барысында талаптар бұзылған, салдарынан қомақты шығын келген.