Ипотекалық бағдарламалар: 2024 жылы Қазақстанда қалай үй алуға болады?
Жыл өткен сайын Қазақстанда ипотекалық бағдарлама саны азайып келеді. Бұған дейін іске қосылған бағдарламалар біртіндеп миссиясын аяқтап, жабылып жатыр. Енді бірінің шарттары бұрынғымен салыстырғанда қатаңдай түсті. 2024 жылы ипотекалық бағдарламалар арқылы қалай үй сатып алуға болады? Kursiv Media тілшісі шолу әзірледі.
Ипотека алатындардың портреті қандай?
Kursiv Research әлеуметтік зерттеулер орталығы ипотека алатын қазақстандықтардың бейнесін сипаттау үшін 1600 азаматқа сауалнама жүргізген. Нәтижесі мынадай болды: респонденттердің 11 пайызы алдағы уақытта ипотекаға үй алуды жоспарлап жүр. Алғысы келетін, бірақ әлдебір себеппен алуға жағдайы келмей жүрген қала тұрғындарының үлесі — 15,8, ал ауылдықтардың үлесі 19,3 пайыз екен. Көп жағдайда үйді ипотекаға рәсімдеуге 44 пайызында бастапқы жарна жинай алмағаны себеп. Одан кейінгі себептердің ішінде жеңілдігі бар бағдарламалардың шарттарына сәйкес келмейтіні, коммерциялық ипотека бағдарлама мөлшерлемелерінің тым жоғары екені бар (29%). Одан қала берді сауалнама қатысушыларының 27 пайызының тұрақты табысы жоқ. Демек, ипотека алғысы келсе де, табысын растай алмайды деген сөз.
Респонденттердің ішінде әр сегізінші қала тұрғыны мен әр тоғызыншы ауыл тұрғыны өмірінде бір рет болсын ипотека алып көруге тырысқан. Осы талпынысынан нәтиже шығып, ипотекасы мақұлданғандардың жартысынан астамы (51%) жеңілдікпен үй алса, 38 пайызы коммерциялық бағдарлама арқылы қол жеткізген. Қалған 11 пайызы кредиттің қандай түрін алғанын нақтыламаған. Ал енді ел арасында ең кең танылған бағдарламалар қандай деген сауалға көпшілігі жаңа салынған үйлерге ғана берілетін «7-20-25», қайталама нарықтағы үйлерді алуға мүмкіндік берген, бірақ қазір тоқтап қалған «Баспана хит» және кезекте тұрғандарға арналған «5-10-20» («Шаңырақ») деп жауап берген.
Қазақстандық ипотекалық бағдарламалар
Жалпы алғанда елімізде жиырмаға жуық ипотекалық бағдарлама түрі бар екен. Бірақ жеңілдетілген шарттармен алуға болатыны соншалықты көп емес. Өйткені бұл қатарда банктердің тарапынан берілетін жеке коммерциялық бағдарламалары да бар. Әйтсе де, 2023 жылы Қазақстандағы барлық ипотекалық бағдарламаның жартысынан астамы «Отбасы банк» өнімі екенін көріп отырмыз. Ондағы сыйақы мөлшерлемесі орта есеппен 3,5-11,5 пайыз арасында. Ел бойынша ең төмен мөлшерлемеге бұрынғы «Бақытты отбасы», қазіргі «2-10-20» бағдарламасы ие. Бірақ алу үшін әкімдік кезегінде тұрған, әлеуметтік жағдайы нашар отбасы болуы керек.
«Отбасы банк» ұсынатын 2-5 пайыз аралығындағы ипотекалық бағдарламаны атында үйі жоқ, моноқала тұрғындары ала алады. Кезінде «Шаңырақ» деп аталып, кейін «5- 10-20» деп өзгерген бағдарламаның мөлшерлемесі 5 — пайыз. Бұл әкімдік кезегінде тұрғандар, атап айтқанда толық емес отбасы, мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлеріне арналған. Сонымен бірге 35 жасқа дейінгілерге арналған аймақтық бағдарламаларды да атап өту керек. Көбіне облыстардағы жас мұғалім, дәрігер, мәдениет, БАҚ, спорт салаларының қызметкерлеріне беріледі. Әскери салада істейтіндерге арналған «Жаңа баспана» (бұрынғы «Әскери баспана») бағдарламасын да атап өту керек. Ал жалпы көпшілікке арналған түрі деп «7-20-25» бағдарламасын айта аламыз. 2024 жылдан бастап берілетін жаңа бағдарлама — «9-20-25» іске қосылады. Ол жұмыс істейтін жастарға, жас отбасыларға беріледі. Ендеше, шарттарына жеке-жеке тоқталайық.
«9-20-25»
Айтқандай, бұл — жаңа ипотекалық бағдарлама. «Отбасы банк» басшысы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, жас отбасыларға арналған. Қатысу үшін кезекке тұру шарт емес. Мемлекеттік қызметкер емес, әлеуметтік осал топқа жатпайтын, сондықтан кезекке тұра алмай жүрген жастар тарапынан сұраныс болғандықтан, осы бағдарлама дүниеге келген деседі. Банк басшысы еңбек жолын енді бастап жатқан жас отбасыларға осылай қолдау білдіруге бел буғандарын айтып, БАҚ-қа пікір берген. Әзірге ол бағдарламаның атауы мен 2024 жылдан бастап беріле бастайтыны ғана белгілі. Нақты шарттары жарияланған жоқ. Әйтсе де, шамамен мынадай болуы мүмкін деген болжамдар бар:
- Пайыз мөлшерлемесі — 9 %;
- Бастапқы жарна — 20 %;
- Берілетін максимум мерзімі — 25 жыл.
Атауы ұқсас атақты «7-20-25» бағдарламасынан айырмашылығы санатта ғана емес, ондағы ескерілмеген қателердің ескерілетіні де болады деседі. Ләззат Ибрагимова брифинг кезінде былай деген: «Біз құрылыс компанияларымен үнемі байланыстамыз. Сондықтан пайда болатын қосымша проблемалардан да хабардармыз. Айталық, «7-20-25» бағдарламасында қатысуға қатысты шектеу болмады. Яғни 2019 жылы ипотекамен үй алып алып, 2021 жылы баға шарықтап кеткенде сатып жіберуге тыйым салынбаған еді. Ал жаңа бағдарламада бұлай істеуге болмайды деген шарт бар. Яғни адам бір рет қана қатыса алады. Әрі үй алуға өтінім беріп жатқан адамның атында кейінгі 5 жылда үй болмауы керек. Оның бәрі мемлекеттік база арқылы тексеріледі», –деген еді.
Жас ғалымдарға арналған бағдарлама
«9-20-25» бағдарламасының қанатқақты жобасы ретінде «Отбасы банк» жас ғалымдарға арналған түрін таныстырды. Ол 1 желтоқсаннан бастап іске қосылды. Бұл бағдарлама академиялық ғылыммен айналысатындарға арналған. Бұл санатқа сай келетін Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты 53 ұйым бар. Жоба 5 жылға жоспарланып отыр. Осы уақыт ішінде банк жеке қаражатынан шамамен 16,6 миллиард теңге бөледі. Осылайша мыңға тарта жас ғалым баспаналы болады деген болжам бар. Шарттары мынадай:
- Бастапқы жарна — 10 пайыз;
- Жылдық мөлшерлемесі — 5 пайыз;
- Үй бағасы 20 миллион теңгеден аспауға тиіс;
- Максимум 19 жылға беріледі;
- 40 жасқа дейінгі қазақстандық ғалымдар қатыса алады;
- Өзінің және өзімен бірге тұратындардың атында кейінгі 5 жылда үй болмауы керек.
Банктің баспасөз қызметі хабарлаған қосымша деректерге сүйенсек, бағдарламаға ғылыми немесе ғылыми-техникалық қызмет атқаратын, кемінде магистр дәрежесі бар, ғылыми-зерттеу жұмысын істеген 3 жылдық тәжірибесі бар мамандар да қатыса алады. Кімдердің қатысатынын жұмыс беруші шешеді. Яғни қатысқысы келген адам басшылыққа жеткізген соң, ғылыми ұйымның бірінші басшылары қол қойып, жолдама береді. Кейін сол жолдаманы алып, қатысушы ипотеканы төлей алатынын дәлелдеуге кіріседі. Құжаттарды реттеуге үш ай уақыт беріледі. Осы уақыт ішінде ғалымдар баспана тауып үлгеруі керек. Жаңа үй ме, әлде қайталама нарықтан ала ма — өзі біледі. Бағдарлама іске қосылған алғашқы он күннің ішінде үй алуға 36 адам өтініш білдірген. Оның ішінде Алматыдан — 22, Шымкенттен — 2, Шығыс Қазақстан облысынан — 5, Астанадан —1, Павлодардан — 1, Қарағандыдан — 3, Ақтөбе облысынан 2 адам өтініш қалдырған. Осы өтінім берушілердің 18-іне ипотека мақұлданған.
«7-20-25»
Шарттары жеңіл ипотекалық бағдарлама 2029 жылға дейін беріледі. Бір жылдық лимит — 100 миллиард теңге. Тек жаңа және дайын тұрғынүйлер алуға болады. Нарықта үй салынып бітпей жатып ақша құйып тастайтындар көп болғандықтан, осы бағдарламаға сәйкес келетін үй табу қиын. Әрі баспана бағасына қатысты да шектеу бар. Атап айтқанда, Астана, Алматы, Ақтау, Атырау, Шымкент қалаларынан 25 миллион теңгеге дейінгі үйді ғана ала аласыз. Ал бұл сома аталған қалалар үшін айтарлықтай аз екені белгілі. Тағы бір кемшілігі — қаржыландыру азайды. 2023 жылдан бастап жылына 100 миллиард теңге деген шектеу қойылды. Яғни әр тоқсан сайын оператор-банктерге 25 миллиард теңгеден лимит ашылып отырады. Осылайша жеткен-жеткеніне қарай беріледі. Шарттары 2024 жылы еш өзгермейді. Еске сала кетейік:
- Мөлшерлемесі — 7 пайыз;
- Бастапқы жарна — 20 пайыз;
- Алуға болатын қарыздың максимум мөлшері — кепілдік құнының 80 пайызына тең;
- Кепілдік ретінде алатын үй қойылады;
- 25 жылға рәсімдеуге болады;
- Құрылыс компаниясынан салынып біткен, дайын беріліп жатқан үйді ғана ала аласыз;
- Атында үйі болмауы қажет;
- Бағдарлама арқылы бір рет қана баспаналы болуға болады;
- Басқа банктерде ипотекасы болмауға тиіс;
- Қарыз рәсімдегені және қызмет көрсеткені үшін комиссия ұсталмайды;
- Қарыз алушының кепілдегі мүлігі мен өмірін сақтандыру міндетті емес. Керек болса, банк оны өз қаражатынан жасайды.
Жастарға арналған бағдарламалар
35 жасқа дейінгілерге арналған бағдарламалар еліміздің бірнеше аймағында бар. Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жетісу, Жамбыл, Қостанай және Қарағанды облыстарында іске қосылған. Сонымен бірге Алматы және Астана қалалары да жастардан өтінім қабылдайды. Шарттары, мерзімі мен өткізу тәртібін әкімдіктен не арнайы сайттан алуға болады. Ол үшін бұл ақпаратты бақылап отыру керек.
«Нұрлы жер»
2025 жылға дейін берілетін жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама. Қандай объектілердің қатысатынын «Отбасы банк» сайтынан қарауға болады. Әкімдік кезегінде тұрғандарға басымдық беріледі. Жалпы алғанда бағдарламаға қатысу үшін «Отбасы банк» салымшысы болуыңыз керек. Шарттары мынадай:
- Мөлшерлемесі — 5%;
- Бастапқы жарна — үй бағасының 20 пайызы;
«5-10-20»
Бұрын «Шаңырақ» деп аталған бағдарлама. Әкімдік кезегінде тұрғандарға арналған. Табысы кейінгі алты айды есепке алғанда 3,7 күн көріс минимумы мөлшерінен аспауға тиіс. Шарттары:
- Мөлшерлемесі — 5 пайыз;
- Минимум жарна — 10 пайыз;
- 20 жылға беріледі.
«2-10-20»
Пайызы төмен тағы бір бағдарлама. Бұрын «Бақытты отбасы» деп аталған. Әкімдік кезегінде тұрғандарға беріледі. Әрі басында үйі болмауы керек деген шарты бар. Бұл бағдарламамен тек әлеуметтік осал топ азаматтары ала алады. Оның ішінде жетімдер, көпбалалы аналар мен отбасылар, 1 және 2-топтағы мүгедектер, мүгедек бала асырап отырған отбасылар. Толық емес отбасыларға да бұрын берілетін. Бірақ кейін елде ажырасып жатқандар саны көбейіп кеткендіктен бұл санатты тізімнен алып тастады. Шарты дәл «5-10-20» бағдарламасына ұқсас. Тек мөлшерлемесі — 2 пайыз.
«30/70»
«Отбасы банк» ұсынатын жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама. Дайын не енді салынып жатқан жаңа үйлерден ғана алуға болады. Егер салынып бітпеген болса, онда жылжымайтын мүлік құнының 70 пайызына пара-пар болатын қосымша кепілдік қою керек. Шарттары:
- Бастапқы жарна — 30 пайыз;
- Алғашқы 4 жылда пайыз мөлшерлемесі 7-10 пайыз болады да, одан соң 3,5 пайызға түседі;
- Максимум 90 миллион теңгеге үй ала аласыз;
- 25 жылға алуға болады;
- «Отбасы банкте» депозит ашық болуы керек. Оны ипотека аларда ашуға болады;
«Жаңа баспана»
Бұрын «Әскери баспана» деп аталған бағдарлама. Арнайы орган қызметкерлері мен әскерилерге беріледі. Мөлшерлемесі — 3,5 пайыз. «Отбасы банктегі» арнайы шотқа түсетін жинақ төлемдерінің 50 пайызын құю керек.
«Свой дом»
«Отбасы банк» салымшыларына арналған бағдарлама. Жоба аясында берілетін үйлердің бағасы нарықтағыдан төмендеу. Әлеуметтік осал топтағылар мен мемлекеттік қызметкерлер қатыса алады. Банкте 500 000 теңге жинағы болуы керек. Бастапқы мөлшерлеме — 3,5-7 пайыз аралығында. Кейін ол 5 пайызға дейін түседі. Алатын үйдің 20 пайызын құю қажет. Өзге де шарттарын жергілікті әкімдіктен не банк сайтынан біле аласыз.